Басты тақырып

Қырғызстан TezJet әуе компаниясын лицензиясынан айырды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Қырғызстанның Азаматтық авиация жөніндегі мемлекеттік агенттігі TezJet әуе компаниясының лицензиясын күшін жойды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл шешім 7 шілдеде Бішкектегі Манас әуежайында болған авиациялық оқиғаны тергеу қорытындысы бойынша қабылданды. Агенттіктің Facebook-тегі ресми парақшасында хабарланғандай, тексеру барысында ұшу қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін өрескел бұзушылықтар анықталған.

Тексеру барысында Қырғыз Республикасының авиациялық заңнамасының ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей әсер ететін өрескел бұзушылықтары анықталды. Осыған байланысты Азаматтық авиация жөніндегі мемлекеттік агенттік TezJet әуе компаниясының лицензиясын заңда белгіленген тәртіппен жою туралы шешім қабылдады, делінген хабарламада.

7 шілдеде McDonnell MD-83 ұшағы Бішкек-Ош бағыты бойынша ұшуға дайындалып, көтерілу кезінде сол жақ негізгі шасси тірегі сынып, ұшақ солға қисайып, қанатымен ұшу-қону жолағына тиіп тоқтаған. Борттағылар үрлемелі авариялық траптар арқылы эвакуацияланды. Оқиғадан кейін Манас әуежайы 8 шілде таңына дейін жабылып, ондаған рейс тоқтатылды. Кейін агенттік TezJet рейстерін уақытша тоқтатып, тергеу бастады. 10 шілдеде ведомство Қырғызстандағы барлық әуе компанияларының ұшақтарына кешенді тексеру жүргізілетінін мәлімдеді.

TezJet лицензиясынан айырылғаннан кейін Қырғызстанда небәрі алты әуе тасымалдаушысы қызметін жалғастырып отыр. Айта кетейік, Қырғызстанның әуе компаниялары халықаралық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмегендіктен 20 жыл бойы Еуропалық одақ елдеріне ұшуға тыйым салынған еді. Биыл маусым айында Еуроодақтың Ұшу қауіпсіздігі комитеті Қырғызстанды «қара тізімнен» шығару туралы шешім қабылдаған болатын.

Көп оқылғандар