Қоғам

Қымыз ішкен ресейлік туристер аллергиямен ауруханаға түсті

Сурет: ашық дереккөз

Қазақстанға саяхаттап келген Мәскеу тұрғындары қымыз ішкеннен кейін аллергиялық реакциямен ауруханаға түсті. Қыздардың бірінің жағдайы күрт нашарлап, жедел жәрдем шақыруға тура келді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Baza Telegram-арнасының мәліметінше, Мәскеуден келген Ярослава мен Рената есімді апалы-сіңілі қыздар Қазақстандағы мейрамханалардың бірінде қымыз ішіп көрген. Көп ұзамай екеуінде де бет ісінуі, тамақтың шаншуы және тыныс алудың қиындауы сияқты белгілер пайда болған.

Қыздар өз беттерінше дәріханаға барып, аллергияға қарсы дәрі сатып алған. Алайда Ренатаның жағдайы күрт нашарлаған. Оның денесіне бөртпе шығып, кей сәттерде тыныс ала алмай қалған.

Оқиғаны көрген жергілікті тұрғындар қызға көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер жедел аллергиялық реакция диагнозын қойып, Квинке ісінуінің белгілерін басқан.

Ресейлік туристердің айтуынша, бұған дейін қышқыл сүт өнімдерін тұтынған кезде мұндай аллергиялық реакция болмаған. Дәрігерлер қыздарға тағы бірнеше күн бойы аллергияға қарсы дәрі қабылдауды ұсынған.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласында мейрамханаға барған азаматтар арасында ішек инфекциясының жаппай тарағаны тіркелген. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Айта кетейік, бұған дейін отандық ғалымдар жусанға аллергияны бір аптада емдейтін дәріні әзірлегенін хабарлаған едік.

Көп оқылғандар