Жайық news

Құрылтай сайлауына қатысты жаңа әлеуметтік сауалнама: респонденттердің 73,2%-ы дауыс беруге қатысатынын растады

Үгіт-насихат науқаны басталғаннан кейін саяси партиялардың электоралдық рейтингінде өзгерістер байқалды.

Қазақстандықтардың Құрылтай сайлауы алдындағы электоралдық көңіл күйі мен саяси мінез-құлқын зерделеу мақсатында Еуразиялық интеграция институты 2026 жылғы 16–26 шілде аралығында Қазақстанның 17 облысы мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында азаматтар арасында жаппай бетпе-бет (face-to-face) әлеуметтік сауалнама жүргізді. Зерттеуге барлығы 4 000 респондент қатысты.

Зерттеу аясында саяси партиялардың ағымдағы электоралдық рейтингтері мен сайлаушылардың ықтимал қатысу белсенділігі бағаланды.

Сонымен қатар, 3–13 шілде аралығында жүргізіліп, 15 шілдеде жарияланған алдыңғы сауалнама нәтижелерімен салыстырмалы талдау жасалды.

Зерттеу қорытындысына сәйкес, көшбасшылықты бұрынғысынша «Әділет» партиясы сақтап қалды. Оның электоралдық рейтингі 65,1%-ға дейін өсті.

Екінші орында «Ауыл» партиясы тұр. Оны қолдауға респонденттердің 5,9%-ы дайын екенін білдірді.

Одан кейінгі орындарда өзгерістер орын алды.

Үшінші орынға «Ақ жол» партиясы (4,7%) аз ғана басымдықпен көтеріліп, өзінің тікелей бәсекелесі Respublica партиясын (4,6%) басып озды.

Дәл осындай өзгеріс Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (4,2%) мен Халық партиясы (4,1%) арасында да байқалды. ЖСДП қазіргі кезеңде аз ғана айырмашылықпен алға шықты.

Егер өзге партиялардың рейтингтері белгілі бір деңгейде өсіп жатса, «Байтақ» жасылдар партиясының көрсеткіші керісінше төмендеп, 0,5%-ға дейін азайған.

Сонымен қатар, «Барлығына қарсы» дауыс беруге ниеттілердің үлесі 2,5%-ға дейін төмендеді. Өз таңдауына әлі де сенімсіз азаматтардың үлесі де 14,2%-дан 8,4%-ға дейін қысқарған.

Осылайша, жаңа әлеуметтік сауалнама нәтижелері партиялардың рейтингінің белгілі бір деңгейде өскенін көрсетіп отыр. Бұл ресми үгіт-насихат науқаны басталғаннан кейін олардың қоғамдық белсенділігінің артуымен байланысты болуы мүмкін (сауалнама 16–26 шілде аралығында жүргізілді).

Ал сайлауға қатысу белсенділігіне келсек, мұнда да өсім байқалады. Құрылтай сайлауына қатысу туралы тікелей сұраққа респонденттердің 73,2%-ы 23 тамызда сайлау учаскелеріне барып, дауыс беруге дайын екенін айтты.

Ал 13,2% азамат сайлауға қатысу ниеті жоқ екенін білдірсе, 13,6% әзірге нақты шешім қабылдамаған.

Жалпы алғанда, Қазақстан азаматтарының электоралдық үдеріске қызығушылығы артып келеді. Бұған Құрылтай сайлауы тақырыбының ақпараттық кеңістікте негізгі күн тәртібіне айналуы ықпал етіп отыр.

Сауалнамаға қатысушылардың пікірінше, сайлауға қатысудың басты себебі – азаматтық борыш сезімі (54,2%).

Сонымен бірге респонденттердің 45,8%-ы сайлау азаматтардың мүддесін барынша толық қорғайтын партияларды таңдауға мүмкіндік беретіндіктен, лайықты кандидаттарды іріктеудің ең тиімді жолы деп санайды.

Сондай-ақ, саяси партиялардың сайлауалды бағдарламаларымен таныс екенін айтқан респонденттердің үлесі 64,3%-ды құрады.

Олардың ішінде 19,3%-ы партия бағдарламаларын тұрақты түрде оқып отырады, ал қалған 45%-ының қызығушылығы бағдарламалардың ақпараттық кеңістікте қаншалықты кеңінен насихатталуына байланысты.

Осылайша, партиялардың сайлаудағы нәтижесі олардың үгіт-насихат жұмыстарының тиімділігіне және сайлаушылармен нәтижелі коммуникация орната алуына тікелей байланысты болады деген қорытынды жасауға болады.

Зерттеу іріктемесі өңір, тұрғылықты жері (қала/ауыл), жынысы, жасы және этностық құрамы бойынша репрезентативті болып табылады. Ол 2026 жылғы сәуірдегі Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының 18 жастан асқан халық туралы деректеріне сәйкес қалыптастырылған. 95% сенімділік деңгейінде статистикалық қателік ±1,54%-дан аспайды.

Еуразиялық интеграция институты бұл зерттеу нәтижелерін Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 3 шілдедегі №ОСК-11-07/ЗТ-С-30 жазбаша хабарламасы негізінде жариялап отыр.

Бұған дейін қазақстандықтарға сайлау кезеңінде дипфейк технологияларының таралу қаупі жөнінде ескерту жасалған болатын.

Көп оқылғандар