Саясат

Құрылтай сайлауын өткізуге 34,3 млрд теңге бөлінді: қаржы қайда жұмсалады?

Сурет: Egemen Qazaqstan

Үкімет 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарын сайлауды ұйымдастыру және өткізу үшін өзінің резервінен 34,3 млрд теңге бөлді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, қаражат Үкімет резервінен бөлінген. Өйткені өткен жылы республикалық бюджет бекітілген кезде сайлау өткізу шығындарын алдын ала қарастыру мүмкін болмаған.

Өтемісов Орталық сайлау комиссиясы бюджетті аумақтық сайлау комиссияларының өтінімдері мен сайлау заңнамасының талаптарын ескере отырып қалыптастырғанын айтты. Оның сөзінше, бөлінген қаржы сайлау науқанының заңдылығын, ашықтығын және тиісті деңгейде ұйымдастырылуын қамтамасыз етуге қажетті барлық шығындарды жабады.

Комиссия мүшесі Михаил Бортник Қазақстанда 10 674-тен астам сайлау учаскесі жұмыс істейтінін, онда 70 мыңнан астам адам еңбек ететінін хабарлады.

«Шығындардың шамамен 25 пайызы, яғни 8,5 млрд теңге сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыруға жоспарланған. Сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру дегеннің не екенін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Оның ішінде жаңа сайлау учаскелерін ашу да бар», деді ол.

Бұл қаражат 47 жаңа сайлау учаскесін ашуға, сайлау жәшіктерін, дауыс беру кабиналарын және өзге де қажетті жабдықтарды сатып алуға жұмсалады. Сондай-ақ сайлау бюллетеньдерін басып шығаруға, сайлауға қатысатын партиялар туралы әдістемелік құралдар мен ақпараттық плакаттар әзірлеуге, дауыс беру күні мен уақыты көрсетілген плакаттарды орналастыруды қоса алғанда, сайлау науқанын ақпараттық сүйемелдеуге, сайлау комиссияларының байланыс қызметтеріне, көлік шығындарына және кеңсе тауарларына бағытталады.

Михаил Бортниктің айтуынша, Орталық сайлау комиссиясы Сыртқы істер министрлігіне 124,5 млн теңге бөледі. Бұл қаражат 61 елде ашылатын 80 сайлау учаскесінің жұмысын ұйымдастыруға, сондай-ақ іс-сапар шығындары мен сайлау бюллетеньдерін шетелге жеткізуге жұмсалады.

Көп оқылғандар