Сурет: istockphoto.com
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2027 жылғы қажылық маусымын ұйымдастыратын туроператорлардың тізімін жариялады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
ҚМДБ мәліметінше, іріктеу отандық қажыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру, олардың Сауд Арабиясындағы қауіпсіздігі мен құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында жүргізілді.
«Туроператорларды таңдау арнайы комиссия арқылы жүзеге асты. Іріктеу барысында компаниялардың қажылық және Ұмра сапарларын ұйымдастырудағы тәжірибесі, жыл бойғы қызмет көрсеткіштері, туркодтарының болуы және лицензияларының жарамдылығы ескерілді. Сонымен бірге олардың ұйымдастырушылық мүмкіндіктері мен белгіленген талаптарға сәйкестігі бағаланды», делінген мүфтият хабарламасында.
Іріктеу қорытындысы бойынша 2027 жылғы қажылық маусымын ұйымдастыруға төрт компания лайық деп танылды.
Сонымен қатар ҚМДБ ашық конкурстан өтпеген туроператорлар да заңда белгіленген тәртіппен аталған компаниялардың бірімен субагенттік негізде жұмыс істеп, қажылық сапарларын ұйымдастыра алатынын хабарлады.
