Сурет: Egemen Qazaqstan
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Философия. Ізгілік. Болашақ» халықаралық Фараби симпозиумы аясында үш ынтымақтастық меморандумына қол қойылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бірінші келісім бойынша философия және саясаттану факультетінің Дінтану және мәдениеттану кафедрасына Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымы (ICESCO) өкілдігінің мәртебесі берілді. Өкілдік үш бағытта жұмыс істейді: дінтану мен мәдениеттану саласындағы зерттеулерді тереңдету және ислам әлемі мен Орталық Азияның ортақ тарихи-мәдени мұрасын зерделеу; ICESCO-ға мүше мемлекеттердің студенттері мен зерттеушілеріне арналған курстар, кәсіптік даярлау бағдарламалары, жазғы мектептер мен академиялық ұтқырлықты ұйымдастыру; халықаралық конференциялар, семинарлар өткізу және ғылыми жарияланымдар дайындау. Құжатқа ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев пен ICESCO бас директоры Сәлім Әл-Мәлік қол қойды.
Екінші меморандум ҚазҰУ базасындағы «Әл-Фараби» ғылыми-мәдени орталығының кезекті филиалын Қытай Халық Республикасының Чжэнчжоу университетінде ашуға бағытталған. Онда бірлескен жарияланымдар мен аудармалар әзірленіп, ғылыми басылымдар дайындалады. Авторлық құқықтарды қатаң сақтай отырып, тақырыптық кітапхана мен электрондық ғылыми ресурстар базасын құру жоспарланған. Болашақта өзге де халықаралық ғылыми-зерттеу ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істеу қарастырылған.
Үшінші меморандум ҚазҰУ мен Малайзия халықаралық ислам университеті арасындағы білім беру саласындағы әріптестікті нығайтуға арналған. Келісім аясында оқытушы-профессорлар мен қызметкерлердің іссапарлары, студенттер үшін қысқа мерзімді бағдарламалар ұйымдастырылады. Сондай-ақ қос университет ғалымдарының күші біріктіріліп, зерттеушілердің ғылыми жобаларына қаржы бөлінеді және беделді журналдарда бірлескен мақалалар жарияланады.
Шара барысында ресми құжаттарға ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев пен екі университеттің басшылығы қол қойды.
Айта кетейік, Вице-Президент Ерлан Қарин Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық және ғылыми мұрасына арналған «Философия. Этика. Болашақ» атты халықаралық симпозиумға қатысты. Жиында Вице-Президент Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық ғылымды дамытуға айрықша көңіл бөліп отырғанын жеткізді.
Мазмұнға өту
