Басты тақырып

«ҚазМұнайГаз» Каспийде қаза тапқан әскерилердің отбасыларына көмек көрсетеді

Сурет: Қорғаныс министрлігі

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ұжымы Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің жақындарына көңіл айтып, отбасыларына қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Компанияның мәліметінше, қаза тапқан сарбаздардың қатарында «Өзенмұнайсервис» ЖШС жұмысшысы Болатбек Шалабаевтың ұлы Мадихан Азамат та бар.

«Қайғылы оқиға салдарынан қаза болған сарбаздардың арасында әріптесіміз, «Өзенмұнайсервис» ЖШС жұмысшысы Болатбек Шалабаевтың баласы Мадихан Азамат Болатбекұлының болғанын зор күйзеліспен хабарлаймыз. ҚазМұнайГаз компаниялар тобы атынан қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті қолдау мен көмек көрсетілетін болады», делінген хабарламада.

Айта кетейік, 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында оқу-жаттығу кезінде ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюінен 17 әскери қызметші теңізде іс-түссіз жоғалып кеткен. Олардың 14-і қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Аман қалған сарбаздардың бірі есін жиды.

Президент қайғылы оқиғаға байланысты 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 815 млн теңге бөлетінін мәлімдеп, қайтыс болғандардың жақындарына қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Сондай-ақ Halyk қоры қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 25 млн теңге бөлетінін хабарлады.

Көп оқылғандар