Сурет: Depositphotos.com
«Қазгидромет» мамандары күз мезгіліне арналған консультативтік ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қыркүйекте республиканың басым бөлігінде айлық орташа ауа температурасы норма шамасында болады деп күтілуде. Батыс Қазақстан облысының басым бөлігінде, сондай-ақ Атырау және Маңғыстау облыстарының батысында температура нормадан 1 градусқа жоғары болады.
Жауын-шашын мөлшері еліміздің басым бөлігінде норма шамасында болады. Нормадан көп жауын-шашын Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында, Батыс Қазақстан мен Ақмола облыстарының басым бөлігінде, Атырау облысының солтүстік-батысында, Қостанай облысының солтүстік-шығысында, Қарағанды облысының қиыр солтүстігінде, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының солтүстік жартысында күтіледі.
Жауын-шашын мөлшері нормадан аз болатын өңірлер: Қызылорда, Түркістан облыстарының басым бөлігі, Маңғыстау облысының оңтүстік-шығыс жартысы, Ақтөбе облысының оңтүстігі және Жамбыл облысының оңтүстік-батысы.
Қазан айында республиканың басым бөлігінде айлық орташа ауа температурасы нормадан 1-2 градусқа жоғары болады деп болжануда. Алматы, Жетісу, Шығыс Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, Түркістан, Жамбыл облыстарының оңтүстік-шығысында, сондай-ақ Абай облысының оңтүстік-шығыс жартысында температура норма шамасында болады.
Жауын-шашын мөлшері еліміздің бүкіл аумағында норма шамасында күтіледі.
Қараша айында айлық орташа ауа температурасы нормадан 1-2 градусқа жоғары болады. Алматы, Абай, Жетісу, Шығыс Қазақстан облыстарында, Жамбыл облысының шығыс жартысында, сондай-ақ Қарағанды, Павлодар облыстарында температура норма шамасында болады деп болжанды.
Жауын-шашын мөлшері еліміздің басым бөлігінде норма шамасында болады. Солтүстік Қазақстан облысында, Қостанай, Ақмола, Павлодар облыстарының солтүстік жартысында жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады деп күтілуде.
Айта кетейік, бүгін еліміздің басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ түсіп, жел күшеюі мүмкін.
Еске салайық, болжамға сәйкес тамыз айы әдеттегіден ыстық болады.
Мазмұнға өту
