Сурет: Egemen Qazaqstan
«ҚазАвтоЖол» республикалық маңызы бар автожолдарда ауа райы нашарлайтын еліміздің он өңіріндегі жүргізушілерге абай болуды ескертті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Синоптиктердің болжамына сәйкес, түнде және таңертең Абай, Ақмола, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында жаңбыр аралас қар мен қар жаууы мүмкін. Кейбір аудандарда көктайғақ қалыптасуы ықтимал.
«Жүргізушілерден барынша сақ болуды, жылдамдық режимі мен арақашықтықты сақтауды, жол жүру бағытын алдын ала жоспарлауды және мүмкіндігінше аса қажеттілік болмаса, жолға шықпауды сұраймыз. Әсіресе көлік шиналарының жағдайына назар аудару қажет. Жазғы дөңгелектермен жүру көліктің тайып кету және жол-көлік оқиғасына ұшырау қаупін едәуір арттырады», деп хабарлады «ҚазАвтоЖол».
8 және 9 қараша күндері Ақмола облысында патрульдік қызметкерлер жазғы дөңгелекпен жүрген 744-тен астам автокөлікті кері қайтарды. Ауа райының нашарлауына байланысты жүргізушілерге республикалық маңызы бар автожолдармен қозғалысты жалғастыруға рұқсат берілмеді.
Айта кетейік, 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстандағы ақылы жолдармен көліктер 68,3 миллион рет жүрген. Ең көп қозғалыс Алматы – Қонаев тасжолында тіркелді.
Мазмұнға өту
