Сурет: istockphoto.com
«Қазақтелеком» АҚ Telegram мессенджеріндегі ақауға қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Компанияның мәліметінше, елдегі пайдаланушылар үшін мессенджерге қолжетімділік төмендеген. Мамандар Франкфурт пен Мәскеудегі негізгі халықаралық пиринг нүктелерінде Telegram бағыты бойынша трафиктің күрт азайғанын анықтаған.
«Қазақтелеком» инфрақұрылымында техникалық ақау немесе апат тіркелмеген, желі штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Ақаудың нақты себебін анықтау үшін компания Telegram әкімшілігіне ресми сауал жолдаған.
«Қосымша ақпарат Telegram өкілдерінен жауап алынғаннан кейін бірден беріледі», — делінген компания хабарламасында.
Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі де Telegram-ға қолжетімділікке қатысты жекелеген мәселелерді растады.
«Қазіргі уақытта Telegram мессенджерінің қолжетімсіздігіне байланысты қолданушылардан жекелеген шағымдар түсіп жатыр. Техникалық мамандар жағдайды анықтап жатыр», — деді ведомство.
Бұған дейін Қазақстанның бірнеше өңіріндегі пайдаланушылар Telegram жұмысына шағымданған еді. Негізгі мәселелер мобильді қосымшаның жұмысы мен хабарламаларға қатысты болған.
Мазмұнға өту
