Сурет: ашық дереккөз
Қазақстанда басқаруды шартты және жоғары деңгейде автоматтандыруға ие автомобильдерді енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жоба үш жыл бойы Астана, Алматы және Ақмола облысының Қосшы қалаларында жүзеге асырылады. Сынақтар арнайы полигондарда, сондай-ақ жалпы пайдаланымдағы жолдардағы бекітілген маршруттар бойынша жүргізіледі.
Пилоттық жобаға қатысу ерікті түрде жүзеге асырылады. Қатысуға рұқсат алу үшін заңды тұлғалар Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне ілеспе хат пен тиісті міндеттемелерді қабылдау туралы өтініш жолдауы қажет.
Көлік құралының қозғалысын қашықтан басқару операторы бақылап отырады.
«Жол-көлік оқиғасы болған жағдайда пилоттық жобаға қатысушының өкілі 30 минут ішінде оқиға орнына келіп, апатқа дейінгі және одан кейінгі оқиғалардың толық әрі үздіксіз бейнежазбасын ұсынуға тиіс. Сонымен қатар, әрбір автомобиль үшін үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне келтірілген зиянды өтеу жағдайына кемінде 60 млн теңге көлемінде сақтандыру рәсімделуі қажет. Сақтандыру полисі пилоттық жобаға қатысудың барлық кезеңінде қолданыста болуы керек», делінген хабарламада.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Ішкі істер министрлігі және Көлік министрлігінің бірлескен бұйрығы 2026 жылғы 21 тамызда күшіне енеді.
Бұған дейін Қазақстан жолдарында жүргізушісіз көліктер пайда болатыны туралы наурыз айының соңында хабарлаған едік.
Айта кетейік, осыдан бірталай жыл бұрын өздігінен жүретін көліктерді жақтырмай, сондай көліктерге шабуылдағандар туралы мақала жарияланған еді.
Мазмұнға өту
