Сурет: СРИМ
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігі су шаруашылығын дамытуға инвестиция тартуды белсенді жүргізуде. 2024-2025 жылдары, министрлік құрылғаннан кейін, инвестиция көлемі алдыңғы екі жылмен салыстырғанда 79 пайызға артты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Осы екі жылда тартылған инвестицияның жалпы сомасы шамамен 677 млрд теңгені құрады. Бұл 2022-2023 жылдармен салыстырғанда 300 млрд теңгеге көп, сол кезеңде су саласына 377,9 млрд теңге инвестиция салынған еді.
Қаржы, ең алдымен, су шаруашылығы инфрақұрылымын салуға және жаңғыртуға жұмсалуда. Атап айтқанда, халық пен ауыл шаруашылығын тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін су қоймалары, каналдар, гидротехникалық құрылыстар және басқа да нысандар салынуда.
Бұл жұмыстар қолданыстағы инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңартуға және суды жинақтау мен бөлудің жаңа қуаттарын құруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде сумен жабдықтау сенімділігі артып, су шығыны азайып, су ресурстарын басқару тиімділігі жоғарылайды.
Инвестициялар есебінен іске асырылып жатқан жобалардың ішінде Ислам даму банкімен бірлесіп Жамбыл, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында үш су қоймасын салу, Азия даму банкінің қолдауымен Ақмола облысында Есіл контрреттегішін салу және басқа да ауқымды жобалар бар.
«Инвестициялар су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға, яғни су қоймаларын, каналдар мен басқа да нысандарды салуға, реконструкциялауға және жаңғыртуға тартылады. Бұл ретте халықаралық ынтымақтастық қаржылық қолдаумен ғана шектелмейді. Ол сондай-ақ заманауи технологияларды енгізуді, саланы цифрландыруды, кадрлық және ғылыми әлеуетті нығайтуды, сондай-ақ озық тәжірибе алмасуды көздейді», деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Мазмұнға өту
