Басты тақырып

Қазақстанның 16 өңірінде дауылды ескерту жарияланды

Сурет: Коллаж: ЖИ

«Қазгидромет» РМК 29 шілдеге арналған ауа райы болжамын жариялап, Қазақстанның 16 облысында дауылды ескерту жариялады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Астанада күндіз өткінші жаңбыр мен найзағай күтіледі. Солтүстік желдің екпіні секундына 15 метрге жетеді. Алматыда төтенше өрт қаупі сақталады. Шымкентте солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейіп, ауа температурасы 40 градусқа дейін көтеріледі.

Абай облысының батысы, солтүстігі және орталығында жаңбыр, найзағай, күндіз бұршақ жаууы мүмкін. Түнде және таңертең солтүстікте тұман күтіледі. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге, кей жерлерде 25 метрге дейін жетеді. Солтүстік-шығыста төтенше өрт қаупі сақталады.

Алматы облысының тау бөктерінде күндіз өткінші жаңбыр мен найзағай болады. Таулы аудандарда желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. Ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріледі. Солтүстікте, батыста және оңтүстікте төтенше, шығыста жоғары өрт қаупі сақталады.

Атырау облысының батысы мен солтүстігінде күндіз аздаған жаңбыр мен найзағай күтіледі. Жел оңтүстік-батысқа ауысып, екпіні секундына 15–18 метрге жетеді. Батыста 35 градусқа дейін ыстық болады. Өңірде төтенше өрт қаупі сақталады.

Ақтөбе облысының батысы, солтүстігі және шығысында жаңбыр, найзағай, күндіз бұршақ пен дауыл соғуы мүмкін. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. Солтүстікте, оңтүстікте және орталықта жоғары, батыста, шығыста және солтүстік-шығыста төтенше өрт қаупі сақталады.

Ақмола облысының солтүстігінде, оңтүстігінде, шығысында және орталығында жаңбыр, найзағай, күндіз бұршақ жаууы ықтимал. Солтүстік желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Батыста күндіз 36 градусқа дейін ыстық болады. Батыста төтенше өрт қаупі сақталады.

Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, оңтүстігінде және таулы аудандарында түнде жаңбыр мен найзағай болады. Кей жерлерде қатты жаңбыр күтіледі. Күндіз батыста, солтүстікте және таулы аймақтарда нөсер жаңбыр, бұршақ және дауыл болжанады. Түнде және таңертең тұман түседі. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Оңтүстік пен орталықта төтенше өрт қаупі сақталады.

Жамбыл облысында солтүстік-шығыс желінің екпіні секундына 15–20 метрге, кей жерлерде 23 метрге дейін күшейеді. Өңірде төтенше, шығыс пен оңтүстікте жоғары өрт қаупі сақталады.

Жетісу облысының таулы аудандарында күндіз өткінші жаңбыр мен найзағай болады. Шығыста желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. Ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріледі. Солтүстікте, шығыста және орталықта төтенше өрт қаупі сақталады.

Батыс Қазақстан облысының батысы, солтүстігі және шығысында жаңбыр, найзағай, күндіз бұршақ пен дауыл тұруы мүмкін. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Ауа температурасы 35–38 градусқа дейін көтеріледі. Облыста жоғары, батыста төтенше өрт қаупі күтіледі.

Қарағанды облысының солтүстігі мен шығысында таңертең және күндіз аздаған жаңбыр мен найзағай болады. Түнде және таңертең тұман түседі. Батыста күндіз 35 градусқа дейін ыстық болады. Шығыс пен оңтүстікте төтенше өрт қаупі сақталады.

Қостанай облысының батысы мен солтүстігінде күндіз аздаған жаңбыр мен найзағай күтіледі. Ауа температурасы 35–38 градусқа дейін көтеріледі. Батыста, шығыста және орталықта жоғары, оңтүстік пен оңтүстік-шығыста төтенше өрт қаупі сақталады.

Маңғыстау облысының солтүстігі мен орталығында күндіз шаңды дауыл соғады. Солтүстік-батыс желінің екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. Батыс пен солтүстікте жоғары, солтүстік-шығыс пен орталықта төтенше өрт қаупі сақталады.

Павлодар облысының солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде өткінші жаңбыр мен найзағай ойнайды. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Шығыста төтенше өрт қаупі сақталады.

Солтүстік Қазақстан облысының шығысында түнде жаңбыр мен найзағай болады. Күндіз батыста, солтүстікте және шығыста жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Түнде және таңертең шығыста тұман түседі. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге, кей жерлерде 25 метрге жетеді. Ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріледі. Оңтүстік-батыста жоғары өрт қаупі сақталады.

Ұлытау облысының батысында күндіз ауа температурасы 40 градусқа дейін көтеріліп, аптап ыстық болады.

Түркістан облысының батысы мен солтүстігінде күндіз шаңды дауыл күтіледі. Солтүстік-шығыс желінің екпіні секундына 15–20 метрге, таулы асуларда 23–28 метрге дейін жетеді. Ауа температурасы 40–41 градусқа дейін көтеріледі. Өңірде төтенше өрт қаупі сақталады, шығыс пен оңтүстік-батыста жоғары өрт қаупі күтіледі.

Көп оқылғандар