Сурет: ашық дереккөз
Астанада «Ұлттық қолөнер мектебі» білім беру жобасы іске асып жатыр. Оны Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдап, «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры ұйымдастырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жобаға қызығушылық зор болды. Республикалық конкурстық іріктеуге еліміздің барлық өңірінен 331 өтінім түсті. Қайталанған өтінімдерді алып тастаған соң, комиссия 271 өтінімді қарап, Қазақстанның 10 үздік қолөнер шеберін таңдады. Қазір олар Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында (Жошы хан көшесі, 16/2) 8-20 жас аралығындағы балалар мен жастарға ұлттық қолөнердің дәстүрлі технологияларын үйретіп жүр.
Өтінімдерді талдау жобаның республика бойынша үлкен қызығушылық тудырғанын көрсетті. Ең белсенді өңірлер оңтүстікте тіркелді: ол жақтан 137 өтінім келіп, бұл жалпы көрсеткіштің 51 пайызын құрады. Ең танымал бағыт – дәстүрлі тоқыма өнері мен киіз басу, оған 121 өтінім (44,6%) түсті. Сәндік-қолданбалы өнер және этнодекор бойынша 42 өтінім (15,5%), ұлттық киім мен аксессуарлар жасауға 31 өтінім (11,4%), зергерлік өнерге 20 өтінім (7,4%) келіп түсті.
Білім беру бағдарламасына да сұраныс жоғары болды. Қатысуға 450-ден астам өтінім түсіп, іріктеуден өткен 208 оқушы тегін оқу мүмкіндігін алды.
27 шілде мен 12 тамыз аралығында қатысушылар ұлттық қолөнердің 10 бағыты бойынша тәжірибе жинақтауда. Бағдарламада зергерлік өнер, ағаш және тері өңдеу, киіз басу, қыш өнері, кілем тоқу, сүйек ою және басқа да дәстүрлі қолөнер түрлері қамтылған.
Сабақтар тәжірибеге негізделген шеберлік сабақтары форматында өтеді. Қатысушылар тәжірибелі шеберлердің жетекшілігімен дәстүрлі бұйымдар жасауды үйреніп, өз қолдарымен алғашқы авторлық жұмыстарын дайындайды. Барлық қажетті материалдар мен құрал-жабдықтарды ұйымдастырушылар тегін береді.
Жобада инклюзивті білім беруге ерекше көңіл бөлінген. «Ұлттық қолөнер мектебінде» ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған арнайы топ жұмыс істейді. Мұндай сабақтар олардың шығармашылық әлеуетін ашып, ұсақ моторикасын дамытуға, эстетикалық талғамын қалыптастыруға және еңбек дағдыларын жетілдіруге көмектеседі.
Жоба 12 тамызда салтанатты жабылу рәсімімен аяқталады. Сол күні қатысушылардың авторлық жұмыстарының көрмесі өтіп, түлектерге сертификаттар табысталады.
«Ұлттық қолөнер мектебі» – ұлттық мұраны сақтап, дәстүрлі қолөнерді жас ұрпаққа дәріптеп, оны заманауи креативті индустрияның маңызды бағыты ретінде дамытуға бағытталған бірегей жоба. Ол ұлттық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, шығармашыл жастардың әлеуетін ашып, болашақ креативті мамандардың қалыптасуына ықпал етеді.
Еске салайық, іріктеу кезеңіне еліміздің түкпір-түкпірінен қызығушылық танытылды. Тәлімгер болуға барлық өңірден 331 қолөнер шебері өтінім беріп, республикалық байқау қорытындысында үздік 10 шебер таңдап алынды.
Мазмұнға өту
