Сурет: АШМ
Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының мамандары энтомофагтарды ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы автоматты түрде тарататын технологияны ойлап тапты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
BioDrop деп аталатын бұл әдіс жұмыс уақытын 4-6 есе қысқартып, ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғаудың биологиялық тиімділігін арттырады. Кешен биоыдырайтын сфералық капсулалардан, оларды тарататын арнайы құрылғыдан және дроннан тұрады.
Капсулалардың ішіне зиянкестердің табиғи жаулары – Trichogramma spp. және Habrobracon hebetor сияқты энтомофагтар салынады. Дрон капсулаларды алдын ала белгіленген бағыт бойынша егістікке автоматты түрде шашады. Жерге түскен соң, энтомофагтар капсуладан біртіндеп шығып, зиянкестерді жоя бастайды.
Капсулалардың сфералық пішіні мөлшерлеу механизмінің ерекшеліктері мен биологиялық материалдың тіршілігін сақтау қажеттілігін ескере отырып жасалған. Далалық сынақтар BioDrop технологиясының дәстүрлі қолмен таратуға қарағанда тиімдірек екенін көрсетті.
Таратылғаннан кейін 14-тәулікте дәстүрлі әдіс 70–73% нәтиже берсе, BioDrop технологиясы 81–83% тиімділік көрсеткен. Яғни, жаңа әдіс биологиялық тиімділікті орта есеппен 10–11 пайыздық тармаққа арттырған.
Сонымен қатар, уақыт үнемделеді: қолмен таратуда зерттелген учаскеге 1–1,5 сағат кетсе, дронмен дайындықты қосқанда 10–15 минут жеткілікті. Бұл үлкен аумақтар мен қол жетпейтін жерлерде жұмысты тездетеді.
Қазір технология төрт шаруашылықта қолданылып жатыр. Болашақта оны дәлме-дәл егіншілік жүйелерінде және фитосанитариялық мониторингпен бірге пайдалануға болады. Энтомофагтарды қолдану өсімдіктерді қорғаудың экологиялық қауіпсіз әдістерін дамытып, биологиялық қорғау құралдарының аясын кеңейтеді.
