Сурет: АШМ
Қазақстандық ғалымдар жаздық дәнді арпаның «Батырхан» деп аталатын жаңа сортын өсіріп шығарды. Бұл сорт шаруашылыққа пайдалылығы бойынша жоғары бағаға ие болып, мемлекеттік сорт сынағына жіберілді. Сонымен қатар, селекциялық жетістікке патент алу үшін өтінім берілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жаңа сорт Қазақстанның ауыл шаруашылығына тән климат пен топырақ жағдайларын ескере отырып жасалған. «Батырхан» жоғары және тұрақты өнімділігімен, ірі дәнімен, жатып қалуға және кейбір ауруларға төзімділігімен, сондай-ақ құрғақшылық пен тұзды топыраққа төтеп бере алатындығымен ерекшеленеді.
Бұл сорт жаздық даму типіне жатады, вегетациялық кезеңі 75–85 күн. Оның 1000 дәнінің массасы жоғары, масағындағы дәндер саны да көп.
Ауруларға төзімділік жағынан «Батырхан» тозаңды және қатты қаракүйеге төзімді, ал фузариозды тамыр шірігіне әлсіз ұшырайды.
Сорттың маңызды биологиялық ерекшелігі — «түптену–түтікке шығу» кезеңінің кемінде 20 күнге созылуы. Бұл уақыт аралығының ұзақтығы өсімдіктің жеткілікті вегетативтік масса жинауына және дәні жақсы толысқан масақтардың қалыптасуына мүмкіндік береді.
«Батырхан» 58/83-77 × 2/07-4К будандық популяциясынан жеке сұрыптау әдісімен алынған. Сорт Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтының бірлескен жұмысының нәтижесінде жасалды.
Мемлекеттік сорт сынағына ұсынылуы — бұл сортты ауыл шаруашылығы өндірісіне енгізу жолындағы маңызды қадам. Сынақ барысында оның шаруашылыққа пайдалылығы мен агрономиялық қасиеттері толық бағаланып, Қазақстанның әртүрлі аймақтарында өсіру мүмкіндіктері анықталады.
Селекциялық жетістікке патент алуға өтінім берілуі отандық селекция нәтижесін зияткерлік меншік ретінде құқықтық қорғаудың маңызды кезеңі болып табылады.
Мазмұнға өту
