Қоғам

Қазақстанда гуманоид роботтар өндірісінің жобасы таныстырылды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Астанадағы Alem.ai алаңында Qazbot Robotics Forum-да елімізде гуманоид роботтар өндірісінің жобасы ұсынылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, жоба робототехника, жасанды интеллект және өнеркәсіптік өндіріс бағыттарын біріктіріп, елде өзіндік технологиялық және инженерлік құзыреттерді дамытуға бағытталған.

Жоба гуманоид роботтар мен Embodied AI саласындағы шешімдерді әзірлеуге және өндіруге маманданған халықаралық AgiBot технологиялық компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылады. Серіктестік аясында технологияларды Қазақстанда локализациялау, инженерлік құзыреттерді дамыту, ғылыми зерттеулер жүргізу және мамандар даярлау көзделген.

«Біздің міндетіміз – дайын технологиялық шешімдерді енгізумен ғана шектелмей, Қазақстанда өзіміздің инженерлік және ғылыми құзыреттерімізді қалыптастыру. Гуманоид роботтар өндірісі университеттер, ғалымдар мен индустрияны біртұтас технологиялық тізбекке біріктіретін алаңға айналуы тиіс», – деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Қазіргі уақытта елде жаңа технологиялық бағытты дамытуға қажетті кадрлық база қалыптасуда. Қазақстандық жоғары оқу орындарында робототехника, мехатроника, өнеркәсіптік автоматтандыру, интеллектуалды жүйелер және жасанды интеллект салалары бойынша 56 білім беру бағдарламасы іске асырылуда.

Әлемде гуманоид роботтар өндірісі кеңінен дамып келеді. Мысалы, Қытайда бұл бағыт мемлекеттік деңгейде қолға алынған. Биыл Қытайда алғаш рет адам тәрізді роботтардың қатысуымен марафон өтті. Жарыс Бейжің қаласында ұйымдастырылып, оған 100-ден астам гуманоид-робот қатысты. Ал Жапонияда роботтарды көлік құрастыру үшін пайдалана бастады.

Көп оқылғандар