Қоғам

Қазақстанда геологиялық түсірілім бойынша 20 жоба жүзеге асырылуда

Сурет: ӨҚМ

Қазақстанда ел аумағының геологиялық-геофизикалық зерттелу деңгейін арттыру жұмыстары жалғасуда. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу аясында 1:200 000 масштабтағы өңірлік зерттеулер жүргізілуде, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

2026 жылдың соңына дейін геологиялық-геофизикалық зерттелген аумақты 2,2 млн шаршы километрге жеткізу жоспарлануда.

Негізгі бағыттардың бірі — 1:50 000 масштабтағы егжей-тегжейлі геологиялық түсірілімге (ГС-50) көшу. 2026 жылы алтын, мыс, полиметалдар, сирек жер элементтері, литий, вольфрам, молибден және басқа стратегиялық пайдалы қазбалардың перспективалы учаскелерін анықтауға бағытталған 20 ГС-50 жобасы іске асырыла бастады.

Жобалар аэро-геофизикалық, геохимиялық және зертханалық жұмыстарды, Жерді қашықтан зондтау деректерін дешифрлеуді, бұрғылау жұмыстарын және ұңғымалардағы геофизикалық зерттеулерді қамтитын кешенді зерттеулерді қарастырады.

Сонымен қатар аз зерттелген Солтүстік Торғай және Шу-Сарысу мұнай-газды шөгінді бассейндерінде 2Д сейсмикалық барлау жұмыстарының алты жобасын іске қосу жоспарланған.

Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін заңнамалық тұрғыда аукцион қорытындысы бойынша түсетін қол қою бонусы түсімдерінің кемінде 50%-ын осы мақсаттарға бағыттау бекітілді.

Көп оқылғандар