Қоғам

Қазақстанда есту аппараттары мүгедектік мәртебесінсіз берілетін болды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Қазақстанда есту қабілеті бұзылған азаматтарға медициналық көмек кеңейтілді. Енді медициналық көрсетілімдері бар пациенттер мүгедектік мәртебесіне қарамастан есту аппараттарымен қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, есту қабілетін оңалту қызметтері қолжетімді бола түсті. Бұрын мұндай аппараттар тек мүгедектігі бар азаматтардың жекелеген санаттарына ғана берілетін. Енді сурдолог дәрігердің қорытындысы бойынша есту аппараты қажет деп танылған барлық пациент осындай көмек ала алады.

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын сақтау департаменті директорының міндетін атқарушы Жанар Сәдуова мәлімдеді.

«Басты міндетіміз – есту қабілеті бұзылған адамдарға уақытылы көмек көрсету. Естуді ерте кезеңнен оңалту өмір сапасын сақтауға, білім алуға, қарым-қатынас жасауға және қоғамға бейімделуге мүмкіндік береді», – деді Жанар Сәдуова.

Есту аппаратын алу үшін пациент сурдолог дәрігердің қарауынан өтеді. Мамандар есту қабілетінің төмендеу деңгейі мен сипатын анықтап, қажетті құрылғыны таңдайды және медициналық қорытынды береді.

Жаңа жүйе аясында азаматтарға тек есту аппараты ғана емес, оны пайдалануға қажетті қызметтердің толық пакеті ұсынылады. Оған құрылғыны жеке іріктеу мен баптау, құлақ қалыптамасын жасау, аппаратты қолдануды үйрету, сондай-ақ кепілдік және кепілдіктен кейінгі сервистік қызмет көрсету кіреді.

Министрліктің мәліметінше, елімізде, әсіресе балалар арасында, есту қабілеті бұзылыстарын ерте анықтау жұмыстары күшейтілген. Аудиологиялық скринингке цифрлық бақылау енгізілгеннен кейін балалардағы есту қабілетінің бұзылуы анықталған жағдайлар саны үш еседен астам өскен. Бұл дәрігерлерге емдеу мен оңалтуды ертерек бастауға мүмкіндік беріп отыр.

Қазіргі уақытта Қазақстанда мамандандырылған сурдологиялық кабинеттер жұмыс істейді. Мұнда диагностика жүргізіліп, есту аппараттары іріктеледі және есту-сөйлеу оңалту қызметтері көрсетіледі. Ал есту қабілеті ауыр бұзылған балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында кохлеарлық имплантаттау және сүйек өткізгіштігі имплантаттарын орнату сияқты заманауи емдеу тәсілдері қолжетімді.

Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі заманғы есту аппараттарының үлгілерін де іріктеп қойған. Тізімге есту қабілетінің төмендеу дәрежесіне сәйкес әртүрлі қуаттағы құрылғылар енгізілген.

Ведомствоның хабарлауынша, нормативтік және ұйымдастырушылық дайындық жұмыстары толық аяқталған. Ендігі кезеңде өңірлерде қажетті қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізіледі.

Жаңа жүйенің іске қосылуы мүгедектік мәртебесіне қарамастан мыңдаған қазақстандықтың есту қабілетін уақтылы оңалтуға мүмкіндік беріп, олардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді.

Көп оқылғандар