Қоғам

Қазақстанда дәрігерге жазылу мерзімі 60 күнге дейін ұзартылды

Сурет: istockphoto.com

Елімізде дәрігерге алдын ала жазылу мерзімі 60 күнге дейін ұзартылды. Бұған дейін қабылдау кестелері негізінен екі аптаға ғана ашылатын, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жалпы практика дәрігерлеріне алдын ала жазылатын пациенттердің үлесі 20 пайыздан 72,5 пайызға, ал бейінді мамандарға жазылу 4 пайыздан 66,1 пайызға дейін өскен.

Осыған байланысты учаскелік дәрігерлердің пациент қабылдауға арналған жұмыс уақыты күніне төрт сағаттан алты сағатқа дейін ұзартылған. Нәтижесінде алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында дәрігер қабылдауын күту мерзімі орта есеппен 5-7 күннен 1-3 күнге дейін қысқарған.

«Денсаулығы кенеттен нашарлаған, бірақ өміріне тікелей қауіп төнбеген пациенттерге арналған 680 шұғыл медициналық көмек кабинеті ашылды. Оларға дене қызуы көтерілген, қан қысымы жоғарылаған, созылмалы ауруы асқынған, қатты ауырсыну, құсу, диарея немесе жеңіл жарақат алған жағдайда жүгінуге болады. Белгіленген көрсетілімдер бойынша шұғыл медициналық көмек көрсету үшін 995 мобильді бригада құрылды», делінген хабарламада.

Сонымен қатар емханаларда мейіргерлердің өз бетінше қабылдауын дамыту жұмыстары жүргізілуде. Олар өз өкілеттіктері шегінде жекелеген медициналық рәсімдерді орындап, құжаттарды ресімдейді және созылмалы аурулары бар пациенттерді бақылауға қатысады. Министрліктің мәліметінше, бұл дәрігерлердің жүктемесін азайтып, күрделі диагностика мен емдеуді қажет ететін пациенттерге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Қазақстанда қызметтік міндетін атқару кезінде шабуылға ұшыраған медицина қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын сақтандыру ұсынылып отыр. Тиісті бұйрық жобасын Денсаулық сақтау министрлігі «Ашық НҚА» порталында жариялады.

Көп оқылғандар