Сурет: Egemen Qazaqstan
6 тамызда Қазақстанның орман қоры аумағында 10 орман өрті тіркелді. Өрт ошақтары әуе патрульдеуі мен ерте анықтау жүйелері арқылы уақытылы анықталып, олардың таралуына жол берілмеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Өрттер Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Көкшетау және Ұлытау мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінде, «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында және «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында болды. Оның ішінде «Ертіс орманы» МОТР аумағында үш өрт тіркелді.
Өрт ошақтары «Қазавиаорманқорғау» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының әуе патрульдеуі, ерте анықтау жүйелері және мемлекеттік орман күзетінің тұрақты бақылауы барысында дер кезінде анықталды.
Өртті сөндіру жұмыстарына мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері, «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның әуе өрт сөндіру десанттары, тікұшақтары мен арнайы техникалары, сондай-ақ өзара іс-қимыл аясында басқа да күштер мен құралдар жұмылдырылды.
Мамандардың жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында өрттердің елді мекендер мен ірі орман алқаптарына таралуына жол берілген жоқ. Қазіргі уақытта өрт ошақтарын оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жағдай тұрақты бақылауда.
Өрт қауіпті кезеңге байланысты жауапты мекемелер тұрғындарды табиғат аясында өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Мазмұнға өту
