Сурет: Egemen Qazaqstan
2-9 тамыз аралығында Қазақстан бойынша 47 орман өрті тіркелді. Барлық оқиға уақытында анықталып, қажетті күштер мен техниканың көмегімен қысқа мерзімде оқшауланып, сөндірілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Оның 21-і жергілікті атқарушы органдарға қарасты орман шаруашылығы мекемелерінің аумағында, ал 26-сы мемлекеттік орман қоры жерлерінде болған.
Өрт ошақтары мемлекеттік орман күзетінің жерүсті бақылауы, «Қазавиаорманқорғау» кәсіпорнының әуе патрульдеуі және орман өрттерін ерте анықтау жүйелері арқылы дер кезінде анықталған.
Өрттерге жедел ден қою үшін мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері, «Қазавиаорманқорғау» авиациясы мен әуе өрт сөндіру десанттары, сондай-ақ қажетті күштер мен техника жұмылдырылды.
Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде өрттердің таралуына жол берілмей, барлық ошақ қысқа мерзімде оқшауланып, сөндірілді.
Мамандар азаматтарды табиғат аясында демалу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Орманды қорғау – баршаға ортақ міндет. Табиғатта от жаққан жағдайда оны қараусыз қалдырмау, ал демалыс аяқталғаннан кейін оттың толық сөнгеніне көз жеткізу маңызды.
Мазмұнға өту
