Сурет: pixabay.com
Қазақстанда соңғы жылдары балалар арасында қант диабетінің алғашқы сырқаттанушылық көрсеткіші артып келеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2021–2025 жылдары елімізде қант диабетімен сырқаттанушылық 21,4 пайызға өсіп, 100 мың тұрғынға шаққанда 273,1 жағдайдан 331,6 жағдайға жеткен.
0–14 жас аралығындағы балаларда алғаш анықталған қант диабеті 100 мың балаға шаққанда 2021 жылғы 15,0-ден 2025 жылы 22,9-ға дейін көтерілген. Ал 15–17 жас аралығындағы жасөспірімдерде бұл көрсеткіш 2025 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 37,1 болды. Бұл 2024 жылғы 39,0-ден төмен, бірақ 2021 жылғы 24,8-ден жоғары.
Министрлік бұл үрдісті артық салмақ пен семіздік, дұрыс тамақтанбау, қимыл-қозғалыстың аздығы және басқа қауіп факторларымен байланыстырады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, артық салмақ пен семіздік 2 типті қант диабеті, жоғары қан қысымы, жүрек-қан тамырлары аурулары, май алмасуының бұзылуы, қатерлі ісіктің кейбір түрлері және тірек-қимыл жүйесі ауруларының қаупін арттырады.
— Бұл аурулардың дамуына артық салмақ пен семіздікпен қатар дұрыс тамақтанбау, қимыл-қозғалыстың жеткіліксіздігі, тұқым қуалаушылық және басқа да қауіп факторлары әсер етеді, — делінген министрлік жауабында.

