Басты тақырып

Қазақстанда ауа температурасы +45 градусқа дейін көтеріледі

Сурет: Egemen Qazaqstan

Синоптиктердің болжауынша, алдағы күндері Қазақстанда ауа температурасы +45 градусқа дейін жетеді. Сонымен қатар, еліміздің бірнеше өңірінде найзағай ойнап, бұршақ жауып, екпінді жел соғады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

«Қазгидромет» РМК-ның мәліметінше, 9-11 шілде аралығында атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты еліміздің батысы мен солтүстік-батысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ түсіп, дауылды жел соғып, нөсер жаңбыр жаууы мүмкін.

9 шілдеде елдің шығысында да жаңбыр мен найзағай сақталады. Кей өңірлерде жауын-шашын мол болуы ықтимал. Одан кейін бұл аймақта жауын-шашын тоқтап, күн ашылады.

Оңтүстік және оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында қысқа мерзімді жаңбыр мен найзағай күтіледі. Ал Қазақстанның қалған бөлігінде жауын-шашынсыз, құрғақ әрі ыстық ауа райы сақталады.

Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері ауа температурасы мынадай деңгейге дейін көтеріледі: батыс пен оңтүстік-шығыста +33…+42 градусқа дейін; солтүстік-батыс, солтүстік және орталық өңірлерде +32…+40 градусқа дейін; оңтүстікте +38…+45 градусқа дейін; шығыста +30…+38 градусқа дейін.

Мамандар тұрғындарға аптап ыстық кезінде қауіпсіздік шараларын сақтап, күннің ең ыстық уақытында сыртта ұзақ жүрмеуге кеңес береді.

Көп оқылғандар