Қоғам

Қазақстанда 400 мыңға жуық үй жануары электронды паспорт алды

Сурет: istockphoto.com

Қазақстанда үй жануарларын есепке алуға арналған TAÑBA бірыңғай ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Бұл платформада жануар мен оның иесі туралы негізгі мәліметтермен қатар, вакцинация, стерилизация және басқа да ветеринариялық рәсімдер бойынша ақпарат сақталады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жануар жүйеге тіркелген кезде оған электрондық паспорт жасалады. Құжатта үй жануарының аты, тұқымы, жынысы, туған күні, сәйкестендіру нөмірі және иесі туралы мәліметтер көрсетіледі. Кейін оның цифрлық профиліне жүргізілген ветеринариялық рәсімдер туралы деректер енгізіледі.

Қазір TAÑBA жүйесінде 400 мыңға жуық үй жануары тіркелген. Оның ішінде 291 761 ит және 107 414 мысық бар. Тізілім деректері Қазақстанда үй жануарларына ең жиі қойылатын аттарды да анықтауға мүмкіндік берді. Дерекқорда тіркелген иттер арасында ең танымал аттар: Арлан, Мойнақ, Алапар, Барсик және Барбос.

Мысықтар арасында бірінші орында Мурка есімі тұр. Бұл ат 2 236 мысыққа қойылған. Одан кейін Муся – 1 529, Барсик – 1 491, Мурзик – 842 есімдері орналасқан.

TAÑBA жүйесінде иттер мен мысықтардан бөлек, сирек кездесетін үй жануарлары да тіркелген. Тізілімде сегіз үй қояны, төрт күзен, сондай-ақ бір-бірден тасбақа, сәндік егеуқұйрық, шағын тұқымды шошқа, атжалман және капибара бар. Олардың арасында ерекше есімдер де кездеседі. Мысалы, тасбақаға Айша, атжалманға Томпи, шағын тұқымды шошқаға Библик, сәндік егеуқұйрыққа Финик, ал капибараға Борис деген ат қойылған.

Бірыңғай цифрлық жүйе үй жануарларын жедел сәйкестендіруге, олардың иелері туралы мәліметтерді сақтауға және ветеринариялық рәсімдер жөніндегі ақпаратты бір дерекқорда жүргізуге мүмкіндік береді.

Көп оқылғандар