Сурет: СТМ
Қазақстан құрамасы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жалпы медальдық есепте бірінші орынға шықты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Дода Қырғызстанда 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтті. Жарыс бағдарламасы 1 қыркүйекте басталып, оған 113 елден 3 мыңға жуық спортшы қатысты. Барлығы 43 спорт түрінен жүлделер сарапқа салынды.
Қазақстандық спортшылар алғашқы күні медальсыз қалғанымен, кейін қарқынын арттырды. 2 қыркүйекте олар 10 медаль жеңіп алса, 3 қыркүйекте бір күнде 24 жүлде иеленді. Оның 12-сі – алтын, 7-еуі – күміс, 5-еуі – қола. 4 қыркүйекте қоржынға тағы 21 медаль қосылды, осылайша Қазақстан жалпы есепте көш бастады.
5 қыркүйекте құрамамыз 3 медаль – бір алтын, бір күміс және бір қола алды. Ал соңғы күні спортшыларымыз 16 медальмен қоржынды толықтырды, оның ішінде 6 алтын, 6 күміс және 4 қола бар.
Ұлттық зияткерлік ойындарда қазақстандықтар ерекше көзге түсті. Тоғызқұмалақ пен мангалдан 11 медаль, оның ішінде 6 алтын жүлде жеңіп алынды. Көк бөрі мен көкпардан құрамамыз күміс медаль иеленді.
Қорытындысында Қазақстан 74 медальмен – 32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлдемен бірінші орынға шықты. Екінші орында Қырғызстан (30 алтын, 35 күміс, 19 қола), үшінші орында Ресей (7 алтын, 8 күміс, 21 қола) тұр. Медальдық есепте командалардың орны алтын медаль санына қарай анықталғандықтан, Қазақстан жалпы жүлде саны аз болса да, бірінші орынға ие болды.
Мемлекет басшысы ойындарда ерекше көзге түскен спортшыларды марапаттауға уәде берді.
