Басты тақырып

«Қазақстан» шоколадының қаптамасы өзгермейді — Мәдениет министрлігі

Сурет: irecommend.ru

Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қазақстан» шоколадының қаптамасын өзгерту қажеттігіне қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның айтуынша, жаңа талаптар бұрын өндіріліп, сауда айналымына шығарылған өнімдерге қатысты шектеу қоймайды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жаңа ережелер 13 шілдеден бастап күшіне енді. Үкімет қаулысына сәйкес, енді мемлекеттік туды жарнамалық мақсатта, сондай-ақ киім-кешекке, төсек-орын жабдықтарына, перделерге, дастархандарға, кілемдерге және өзге де жабын түрлеріне пайдалануға тыйым салынады.

Осыған байланысты әлеуметтік желілерде «Лотте Рахат» АҚ шығаратын «Қазақстан» шоколадының қаптамасы өзгере ме деген сауал көтерілді.

Министрлік тауардың өзі мен оны жарнамалау ұғымдарын ажырата білу керектігін атап өтті. Егер Мемлекеттік Тудың бейнесі өнімнің бұрыннан қолданылып келе жатқан қаптамасының бір бөлігі болса, бұл заң бұзушылық болып саналмайды. Сондықтан «Қазақстан» шоколадының қазіргі қаптамамен сатылымына шектеу қойылмайды.

Министрлік өндірушілерге алдағы жарнамалық науқандарды әзірлеу барысында жаңа талаптарды ескеруге кеңес берді. Заң талаптары әрбір нақты жағдайдың ерекшелігіне қарай қолданылатыны айтылды.

Көп оқылғандар