Сурет: ТСМ
Қазақстан ерлер құрамасы семсерлесу тарихында алғаш рет Халықаралық семсерлесу федерациясының (FIE) әлемдік рейтингінде бірінші орынға шықты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл тарихи жетістік соңғы 12 айдағы ірі халықаралық турнирлердегі жеңістер легінің нәтижесі. Команда шыңға 2026/27 маусымының ашылуы — Марокконың Касабланка қаласында өткен әлем кубогы кезеңінде алтын медаль алу арқылы көтерілді.
2025 жылдың қарашасында Қазақстан Сауд Арабиясының Ар-Рияд қаласында Ислам ынтымақтастығы ойындарында жеңіске жетті. 2026 жылдың маусымында Нью-Делиде (Үндістан) Азия чемпионы атанса, шілдеде Гонконгта (ҚХР) әлем чемпионатының алтынын еншіледі. Қыркүйекте Айчи-Нагояда (Жапония) Азия ойындарында топ жарды.
Бұған дейін ерлер арасындағы командалық сайыста Франция, Италия, Мажарстан және Швейцария көш бастап келген. Азия елдерінен тек Жапония мен Оңтүстік Корея ғана әлемдік рейтингтің шыңына көтерілген. Енді олардың қатарына Қазақстан қосылды.
Касабланкадағы әлем кубогына қазақстандықтар Швейцария мен Франциядан кейінгі үшінші команда ретінде барды. Турнирдегі жеңіс FIE рейтингінде тұңғыш рет бірінші орынға шығуға мүмкіндік берді.
Қазақстан семсерлесу федерациясының президенті Мирбулат Абуов жас спортшылардың рөлін ерекше атап өтті:
«Ең алдымен, спортшыларды, бапкерлерді және бүкіл команданы осындай тарихи нәтижемен құттықтаймын! Бұл жетістіктің маңызы Касабланкада жаңартылған құраммен өнер көрсеткенімізде жатыр. Жарыс жолына Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов, Александр Федотов пен Кирилл Павлов шықты. Олардың үшеуі — жаңа ғасырдағы буынның өкілі. Сонымен қатар әлем чемпионы атанған 4 спортшының екеуі бұл турнирге қатыспады. Дәл осы құраммен біз ерлер арасындағы командалық сында 23 дүркін әлем чемпионы атанған Францияны жеңдік. Бұл — сапы бағдарламасындағы абсолютті рекорд. Отандастарымыздың бұл жеңісі елде мықты көшбасшылар ғана емес, әлемнің үздік құрамаларын жеңе алатын жас спортшылардың да бар екенін дәлелдейді», – деп айтты Мирбулат Абуов.
Мароккодағы жол Түркияны (45:20) және Гонконгты (45:28) ойсырата жеңуден басталды. Ширек финалда Қазақстан Мысырды 45-39 есебімен ұтты. Жартылай финалда Францияны 45-39 есебімен жеңді. Финалда Ресейді 45-40 есебімен тізе бүктірді.
Айта кетейік, Президент семсерлесуден Әлем кубогі кезеңінде жеңімпаз атанған Қазақстан құрамасын құттықтады.
Мазмұнға өту
