Сурет: ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі
Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалында Қазақстан мұнайын тиеу кезінде екі кемеге ұшқышсыз ұшу аппараттары шабуылдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, оқиға 19 шілдеде «ASIA» және «NISSOS IOS» танкерлеріне мұнай құю кезінде болды. Екі кеме де Қазақстанда өндірілген мұнайды тасымалдауға дайындалып жатқан. Олардың бортында халықаралық экипаж мүшелері болған.
Шабуылдан кейін танкерлерде өрт шықты, бірақ экипаждардың жедел әрекетінің арқасында ол қысқа уақытта сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. №1 және №3 қашықтан тиеу құрылғылары зақымданбады. Теңізге мұнай төгілмеді, – делінген министрлік хабарламасында.
Ведомствоның айтуынша, қазір терминалда мұнай құю уақытша тоқтатылды. Оқиға салдарын бағалау аяқталғаннан кейін жөнелту қайта басталатыны туралы ақпарат кейінірек беріледі.
Энергетика министрлігі азаматтық мақсаттағы маңызды энергетикалық инфрақұрылымға жасалған мұндай шабуылдарды жол берілмейтін әрекет деп санайды. Олардың пікірінше, халықаралық энергетикалық инфрақұрылымға күш қолдану жаһандық энергетикалық қауіпсіздікке қатер төндіреді, энергия ресурстарының үздіксіз саудасын бұзады және жобаға қатысушылардың экономикалық мүдделеріне зиян келтіреді.
Мазмұнға өту
