Сурет: Egemen Qazaqstan
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков Омбы қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XXII форумы аясында «Өнеркәсіптік кооперация – Қазақстан мен Ресейдің орнықты дамуының факторы» панельдік сессиясына қатысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Сессияда екі ел арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі көрсеткіштері, бірлескен инвестициялық жобалар, инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары және өнеркәсіптік кооперацияны дамыту тетіктері көрсетілді.
Ресей Қазақстан экономикасына инвестиция салатын үш ірі елдің бірі болып табылады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Ресейден тартылған тікелей инвестициялар көлемі 2,9 млрд долларды құрады. Ал 2005 жылдан бері жиынтық инвестиция көлемі шамамен 29 млрд долларға жетті.
Қазақстан мен Ресейдің өнеркәсіптік кооперация қоржынында жалпы құны 52,7 млрд доллар болатын 177 бірлескен жоба бар. Бұл жобалар шамамен 60 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Оның ішінде құны 22,4 млрд долларды құрайтын 122 жоба іске асырылған.
Сондай-ақ жиында инвесторларды мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары, оның ішінде арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың мүмкіндіктері, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы бірлескен жобаларды қаржыландыру тетігі талқыланды.
Мазмұнға өту
