Басты тақырып

Қазақстан мен Қытай биопестицидтерді бірлесіп әзірлейді

Сурет: Egemen Qazaqstan

Қазақстан мен Қытай өсімдіктерді биологиялық қорғау саласында бірлескен жобаларды іске асыруға кірісті. Бұл бастама Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Төрағасы Си Цзиньпин арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты нығайту жөніндегі келісімдерді жүзеге асыру аясында қолға алынды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы, Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты және Қытай ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Өсімдіктерді қорғау институты үшжақты өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Құжат аясында тараптар заманауи биопестицидтерді бірлесіп әзірлеуді, озық технологияларды трансферттеуді, Қазақстанда өсімдіктерді биологиялық қорғау құралдарының өндірісін жолға қоюды және жоғары білікті мамандар даярлауды жоспарлап отыр.

Меморандум Қытай ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Өсімдіктерді қорғау институты, Қытай ауыл шаруашылығы университеті (CAU) және Zhongbao компаниясы делегациясының Қазақстанға сапары кезінде рәсімделді.

Тараптар бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізіп, өсімдіктерді қорғаудың жаңа биологиялық құралдарын әзірлеу мен сынақтан өткізуді, ғылыми әзірлемелер мен технологиялар алмасуды, академиялық алмасу және кадр даярлау бағдарламаларын жүзеге асыруды, сондай-ақ перспективалы ғылыми жобаларды коммерцияландыруды көздеп отыр.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыты – Қазақстан аумағында заманауи биопестицидтер өндірісіне жағдай жасау. Жоба экологиялық қауіпсіз өсімдіктерді қорғау құралдарын кеңінен қолдануға, импортқа тәуелділікті азайтуға, агроөнеркәсіп кешеніне инновациялық шешімдерді жедел енгізуге және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Қазақстан мен Қытайдың жетекші ғалымдары мен сарапшылары қатысқан «Зиянды организмдерді басқару жүйесі» атты халықаралық ғылыми-практикалық семинарда өсімдіктерді кешенді қорғаудың заманауи тәсілдері, зиянкестермен күрестің биологиялық әдістерін дамыту, фитосанитарлық жағдайды бақылаудың инновациялық технологиялары және бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Сапар барысында Қытай делегациясы қазақстандық ғылыми ұйымдардың жұмысымен танысып, аса қауіпті зиянды организмдерді мониторингтеу технологияларын көріп, еліміздегі агроөнеркәсіп кәсіпорындарын аралайды.

Көп оқылғандар