Сурет: Бас прокуратура
Бас прокурор Берік Асылов Бас прокуратура ғимаратында Абу-Даби Сот департаменті басшысының орынбасары Юсеф Аль Абри бастаған Біріккен Араб Әмірліктері делегациясымен кездесті. Жиынға Қазақстандағы БАӘ Елшісі Мохамед Саид Альарики, Абу-Даби Бас Прокуроры Али Аль Блоши және Абу-Даби сот қадағалау басқармасының басшысы Али Аль Шаер қатысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бас прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, құқықтық және сот салаларындағы өзара іс-қимылды дамыту Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстанды құру, Заң мен тәртіп қағидатын орнықтыру және адам құқықтарын қорғау жөніндегі стратегиялық бағытына сай жүргізілуде.
Осы бағыт аясында Қазақстан Таяу Шығыстағы маңызды серіктесі БАӘ-мен құқықтық саладағы ынтымақтастықты нығайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік экономикалық, инвестициялық және құқықтық бағыттарда белсенді дамуда.
Кездесуде БАӘ өкілдеріне Қазақстан прокуратура органдарының негізгі міндеттері, қызметінің басым бағыттары және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы жұмыстар таныстырылды.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықты күшейту аясында заң үстемдігін қамтамасыз ету, адам құқықтарын қорғау және қылмыстық істер бойынша іздеуде жүрген адамдарды беру мәселелерін талқылады. Бұл ынтымақтастық қылмыстық жауаптылықтың бұлтартпастығын қамтамасыз етудің және екі ел азаматтарының заңды мүдделерін қорғаудың маңызды тетігі болып саналады.
Сонымен қатар шетелдік әріптестерге Қазақстан Бас прокуратурасының цифрлық трансформациясының деңгейі мен негізгі нәтижелері көрсетілді. Олардың арқасында прокуратура органдары цифрлық есепке алудан құқық бұзушылық тәуекелдерін алдын ала болжау, талдау және алдын алу құралдарына көшті.
«Бүгінде қылмыстық істердің 94% арызды тіркеуден бастап сот үкімін орындауға дейін электрондық форматта жүргізіледі. Іс жүзінде сот төрелігі толықтай цифрлық жүйеге көшірілуде», деді қадағалау органының басшысы.
Сондай-ақ әкімшілік іс жүргізу, бизнесті қорғау, азаматтардың өтініштерін қарау және басқа бағыттар толық цифрландырылған. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың 300-ден астам ақпараттық базасымен интеграцияланған 7 ведомствоаралық IT-жүйе жұмыс істейді.
Қазақтелекоммен бірлесіп бүкіл ел бойынша алаяқтардың қоңырауларын анықтап, тоқтатуға бағытталған Антиколл-орталық іске қосылды. Бір жыл ішінде оның көмегімен 1 миллионнан астам күмәнді қоңырау бұғатталды.
Қабылданып жатқан шаралар қылмыс деңгейін төмендетуге оң ықпал етіп отыр. Қазақстан Бас прокуратурасының цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу тәжірибесі шетелдік әріптестер тарапынан жоғары бағаланды.
Кездесу екі елдің құқық қорғау және сот органдары арасындағы өзара сенімнің жоғары деңгейін көрсетті. Қол жеткізілген уағдаластықтар Қазақстан мен БАӘ азаматтарының мүддесі үшін трансшекаралық сот төрелігі тетіктерін одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.
Соңғы үш жыл ішінде БАӘ Қазақстанға іздеуде жүрген 15 адамды тапсырды. Қылмыскерлерді беру, қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету және инвесторлардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жалғасуда.
«Қазіргі заманда қылмыскер үшін қауіпсіз орын жоқ. Қазақстан барлық халықаралық серіктестерімен заң үстемдігі мен адам құқықтарын қорғау қағидаттары негізінде өзара іс-қимыл орнатып жатыр», деді Берік Асылов.
Прокуратура органдары халықаралық деңгейде Қазақстанның мүдделерін қорғау және ел ішінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстарын жалғастырады.

