Сурет: Egemen Qazaqstan
2026-2027 оқу жылында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қайырымдылық бағдарламасы аясында талапкерлердің жоғары оқу орындарында білім алуына 350 білім беру грантын бөлді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Грантқа ауылдық елді мекендер, шағын және моноқалалар мектептерінің 25 жасқа дейінгі (қоса алғанда) түлектері үміткер бола алады. Олар үшін мынадай шарттар қойылады: жетім балалар немесе кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған тұлғалар, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың балалары немесе ата-анасының мүгедектігі бар талапкерлер.
Грант иегерлеріне оқу ақысы жылына 1 миллион теңгеге дейін төленеді. Сонымен қатар оқу кезеңінде ай сайын 60 мың теңге көлемінде шәкіртақы тағайындалады. Шәкіртақы жыл сайын жазғы демалыс кезеңін қоспағанда 10 ай бойы төленеді.
Үміткерлер тізімін жоғары оқу орны немесе оның филиалы ҰБТ-дан өтіп, оқуға түсу үшін белгіленген ең төменгі өту балын жинаған талапкерлердің арасынан қалыптастырады. Бұл тізім конкурстық комиссия отырысының хаттамасымен рәсімделеді.
Бағдарламаға қатысатын жоғары оқу орындарының тізімі, бөлінген гранттар саны және оларды беру тәртібі туралы толық ақпарат qazaqstanhalqyna.kz сайтында орналастырылған.
Мазмұнға өту
