Сурет: ТЖМ
Бакуде өрт сөндіру-құтқару спортынан ерлер арасындағы XXI және әйелдер арасындағы XII әлем чемпионаттарының қорытынды жарыс күні өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Чемпионаттың соңғы кезеңі «Жауынгерлік қанат жаю» дисциплинасы бойынша ұлттық құрамалар үшін шешуші сынақ болды. Жарыс барысында спортшылар жоғары кәсіби және физикалық дайындықтарын, командалық үйлесімділіктерін көрсетті.
Қорытынды бойынша Қазақстанның ерлер құрамасы 24,52 секунд нәтижесімен чемпионаттың алтын медалін жеңіп алып, жаңа рекорд орнатты. Екінші орынды 25,08 секундпен Моңғолия құрамасы, үшінші орынды 25,45 секундпен Өзбекстан құрамасы иеленді.
Әйелдер командалары арасында Ресей құрамасы 23,79 секундпен бірінші орынды иеленіп, әлемдік рекорд орнатты. Беларусь командасы 23,92 секундпен екінші орынға тұрақтады. Қазақстан 25,41 секунд көрсеткішімен үшінші орынды иеленді.
Төрт күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша 4 спорттық дисциплинада өнер көрсеткен ұлттық құрамалардың жалпыкомандалық нәтижелері анықталды. Ерлер арасындағы жалпыкомандалық есепте Ресей Федерациясы бірінші, Беларусь Республикасы екінші, Қазақстан Республикасы үшінші орынды иеленді. Әйелдер арасындағы жалпыкомандалық есепте де осы үш ел дәл осы тәртіппен орналасты.
Осылайша, Қазақстанның ерлер және әйелдер ұлттық құрамалары әлемнің үздік үш командасының қатарына еніп, жалпыкомандалық есепте қола жүлдеге ие болды.
«Қазақстан үшін ерекше жетістік – ерлер құрамасының «Жауынгерлік қанат жаю» дисциплинасы бойынша тарихи жеңіске жетіп, жаңа әлемдік рекорд орнатуы. Қазақстан спортшылары отандық өрт сөндіру-құтқару спортының жоғары деңгейін және әлемнің ең мықты құрамаларымен бәсекеге түсе алатын әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді. Алтын медаль, жаңа әлемдік рекорд және жалпыкомандалық есептегі екі қола жүлде – Қазақстан ұлттық құрамаларының әлемдік аренадағы лайықты жетістігінің айқын көрінісі», деп жазды Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
Мазмұнға өту
