Сурет: Ғылым және жоғары білім министрлігі (архив)
Қазақстан білім беру саласына 6,7 трлн теңге бөлді, 44 отандық жоғары оқу орны QS Asia University Rankings рейтингіне енді, ал елімізде білім алып жатқан шетелдік студенттердің саны 35 мыңнан асты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
ЮНЕСКО деректеріне негізделген Visual Capitalist рейтингі Орталық Азия елдерінде қызу талқыланды. Зерттеу нәтижесі бойынша, Қырғызстан білім беруге жұмсалатын мемлекеттік шығындардың ІЖӨ-дегі үлесі бойынша әлемдегі көшбасшы елдер қатарына кірді. Бұл ел білім беруге ІЖӨ-нің шамамен 6,8 пайызын бағыттайды, ал Қазақстан бұл мақсатқа ІЖӨ-нің шамамен 4,9 пайызын жұмсайды.
Алайда бұл рейтинг тек бір ғана көрсеткішке – білім беруге жұмсалатын мемлекеттік шығындардың ІЖӨ-дегі үлесіне негізделген. Зерттеуде мамандар даярлау сапасы, жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігі, ғылыми зерттеулердің көлемі, шетелдік студенттердің саны, түлектердің еңбек нарығындағы сұранысы және университеттердің халықаралық беделі сияқты маңызды көрсеткіштер ескерілмеген.
Қазақстан экономикасының көлемі Қырғызстаннан әлдеқайда үлкен болғандықтан, ІЖӨ-дегі үлесі төмен болғанына қарамастан, мемлекет білім беру саласына әлдеқайда көп қаражат бөледі. 2025 жылы Қазақстанның білім беру саласына жұмсаған шығыны шамамен 6,7 трлн теңгені құрады, ал көрсетілген білім беру қызметтерінің жалпы көлемі 6,99 трлн теңгеге жетті. Салыстыру үшін айтсақ, Қырғызстан білім беру саласына 68,8 млрд сом бөлген, бұл шамамен 470-500 млрд теңгені құрайды, яғни Қазақстанның қаражатынан 14 есеге жуық аз.
Соңғы жылдары Қазақстанның жоғары білім беру жүйесі ауқымды өзгерістерден өтті. Бұрын негізгі мақсат білімге қолжетімділікті кеңейту болса, бүгінде мемлекеттік саясат кадр даярлау сапасын арттыруға, университет ғылымын дамытуға және еліміздің әлемдік білім кеңістігіне ықпалдасуына басымдық беріп отыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елді Орталық Азияның академиялық және білім беру хабына айналдыру міндетін қойған болатын.
2025-2026 оқу жылында еліміздің жоғары оқу орындарында 678,1 мың студент білім алып жатыр. Мемлекет 93 116 білім грантын бөлді, оның ішінде 77 084 грант – бакалавриатқа, 13 229 грант – магистратураға, 2 803 грант – докторантураға арналған. Сонымен қатар Қазақстан университеттерінде әлемнің 100-ден астам елінен келген 31,5 мыңға жуық шетелдік студент білім алып жатыр.
Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы жылдары елімізде 33 шетелдік университеттің филиалы ашылды. Олардың қатарында МИФИ, Аризона университеті, Сорбонна университеті, Лотарингия университеті, Кардифф университеті, Де Монфорт университеті, Бейжің тіл және мәдениет университеті, сондай-ақ Лу Бань шеберханалары бар. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Cardiff University мен Heriot-Watt University университеттерін мысал ретінде келтіріп, бұл оқу орындарының негізгі кампустарындағы оқу ақысы Қазақстандағы филиалдарымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екенін атап өтті.
Мазмұнға өту
