Сурет: Egemen Qazaqstan
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жиында Үкімет мүшелері ғарыш саласының ағымдағы жағдайы, жүзеге асырылып жатқан жобалар және даму болашағы туралы баяндады. Президент саланың стратегиялық маңыздылығын атап, спутниктік байланыс пен ғарыш инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге ерекше назар аударды.
Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев экономика мен мемлекеттік басқару үшін спутниктік жүйелерді дамыту, ғарыш инфрақұрылымын жетілдіру және ғарыш деректеріне негізделген қолданбалы шешімдерді енгізу бойынша негізгі жобалар туралы ақпарат берді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаһандық ғарыш секторы түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Бұрын бұл сала тек ірі державалардың «жабық клубы» болса, қазір жеке компаниялар байланыс, хабар тарату, навигация, ғарыш мониторингі, ғылыми зерттеулер және интернет сияқты бағыттарды белсенді дамытуда.
Сонымен қатар, ғарышты игеру ғылымын ілгерілету мәселелері қаралды. Ғылыми зерттеулерге, әсіресе астрофизикаға қолдау көрсету қажеттігі айтылды. «Бәйтерек» жобасын іске асыру барысы оң бағаланды, ол ұлттық технологиялық және инженерлік әлеуетті нығайтудың маңызды кезеңі саналады.
Мемлекет басшысы халықаралық ынтымақтастық перспективасына тоқталып, Ресей Федерациясымен және басқа да шетелдік серіктестермен стратегиялық ықпалдастықты дамыту қажеттігін атап өтті. Байқоңыр қаласы мен оған жақын аудандар тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға да мән берілді.
Президент Үкіметке ғарыш саласын жаңғырту және оның әлеуетін мемлекет мүддесіне тиімді пайдалану бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

