Басты тақырып

Астанада 100-ден астам әскери міндетті азамат оқу-жаттығу жиынынан өтуде

Сурет: Egemen Qazaqstan

Елордада запастағы әскери міндетті азаматтардың қатысуымен жоспарлы он күндік оқу-жаттығу жиындары басталды. Оған 100-ден астам адам шақырылған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қазіргі уақытта жиынға қатысушылардың көпшілігі азаматтық салада жұмыс істейді. Олардың арасында инженерлер, дәрігерлер, мұғалімдер, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер және басқа мамандық иелері бар. Әскери жиындар олардың жауынгерлік даярлығын сақтауға және қажет болған жағдайда жұмылдыру резервінің міндеттерді орындауға дайындығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жиын барысында бөлімшелердің үйлесімді әрекет етуіне, командирлердің шешім қабылдау қабілетіне және шынайы жағдайларға барынша жақын ортада іс-қимыл жасауға ерекше көңіл бөлінеді.

«Әскери жиын бұрынғы дағдыларды жаңғыртуға, заманауи дайындық әдістерін меңгеруге және ел қауіпсіздігі алдындағы жауапкершілікті қайта сезінуге көмектеседі. Біз заманауи қару-жарақ пен техниканы қолданудан тәжірибе жинадық. Ең бастысы – командалық жұмыстың және өзара көмектің маңыздылығына көз жеткіздік», – деді ҚР Атом энергиясы агенттігінің мемлекеттік қызметшісі, запастағы қатардағы жауынгер Марат Айтқожа.

99255 әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Еркебұлан Әбіжовтің айтуынша, жұмылдыру резервін даярлау елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.

«Әскери жиын әскери міндетті азаматтардың дайындығын сақтауға және қоғам мен армия арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді. Сенімді жұмылдыру резерві – мемлекеттің қорғаныс қабілетінің маңызды құрамдас бөлігі», – деді ол.

Біліктілікті арттыру кезеңінде жиынға қатысушылар саптық, тактикалық, атыс және арнайы дайындық бойынша практикалық дағдыларын қайта пысықтайды. Сонымен қатар бөлімше құрамында әрекет ету, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау және аумақтық қорғаныс міндеттерін орындау мәселелері бойынша жаттығулар өткізеді.

Көп оқылғандар