Сурет: Ақорда
Қытайдың Шанхай қаласына сапары кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Contemporary Amperex Technology Co. Ltd. (CATL) директорлар кеңесінің теңтөрағасы Пань Цзяньмен кездесіп, жоғары технология саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық перспективасын талқылады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы CATL компаниясының Қазақстанда аккумулятор батареяларын шығаратын зауыт салу бастамасын қолдайтынын айтты. Президенттің айтуынша, бұл жоба жүзеге асса, кәсіпорын Орталық Азиядағы осындай ауқымдағы алғашқы өндіріс орны болмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның шикізатты өңдеуден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбекті қалыптастыруға әлеуеті жеткілікті екенін атап өтті.
Өз кезегінде Пань Цзянь CATL Қазақстанды компанияның негізгі бағыттары бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыратын маңызды әрі сенімді серіктес ретінде қарастыратынын жеткізді. Сондай-ақ ол компанияның Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі стратегиялық мақсатына үлес қосуға дайын екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, CATL 2011 жылы құрылған және электромобильдерге арналған аккумулятор өндірісі бойынша әлемдік көшбасшы саналады. Компания әлемдік нарықтың шамамен 40 пайызын иеленеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша CATL аккумулятор өнімдерін сату көлемі 661 ГВт/сағатқа жетіп, табысы 62,6 млрд долларды, ал таза пайдасы 10,6 млрд долларды құрады.
Мазмұнға өту
