Сурет: Egemen Qazaqstan
Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кездесу үшін Дохаға аттанды. Бұл сапардың мақсаты – Әмір-Әке шейх Хамад бен Халифа Әл Тәнидің қайтыс болуына байланысты көңіл айту, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Президент шейх Хамадтың Қатардың қуатты әрі өркендеген мемлекетке айналуына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Оның пікірінше, қазіргі Қатардың тарихи жетістіктері мен халықаралық беделі осы тұлғаның есімімен байланысты.
«Шейх Хамад әлемдік ауқымдағы мемлекет қайраткері әрі қазақ халқының досы еді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы шейх Хамадтың қазақ-қатар қарым-қатынасының дамуына сіңірген еңбегін айтып, оның Қазақстанға екі рет ресми сапармен келгенін еске алды. Алғашқы сапар кезінде Тоқаев оны Сыртқы істер министрі қызметінде қарсы алған.
Президент шейх Хамадтың бастамасымен Астанада әл-Фараби мешіті салынғанын және тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асқанын ризашылықпен еске алды. Бұл екі ел арасындағы достық пен өзара түсіністіктің айқын көрінісі екенін атап өтті.
«Осынау қаралы сәтте Алла Тағаладан марқұмның жаны жәннатта болуын сұрап, дұға етеміз», – деді Қазақстан Президенті.
Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни арнайы келіп көңіл айтқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді. Ол Қатар мен Қазақстан халықтарының бауырластық байланыстары ерекше екеніне назар аударды.
Қатар тарапының бастамасымен мемлекеттер басшылары қазіргі халықаралық ахуал, соның ішінде Таяу Шығыстағы жағдай туралы пікір алмасты. Президент Қатар Әмірін Қазақстанға сапармен келуге шақырды, ал шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни шақыруды қабыл алды.
Мазмұнға өту
