Басты тақырып

Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әміріне көңіл айтты

Сурет: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниге және оның әулетіне Әмір-Әке шейх Хамад бен Халифа Әл Тәнидің қайтыс болуына байланысты көңіл айту үшін Дохаға барды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Президент шейх Хамадтың қуатты әрі өркендеген Қатар мемлекетін құруға елеулі үлес қосқанын атап өтті.

— Ол көрнекті мемлекет қайраткері әрі қазақ халқының досы еді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, шейх Хамад бен Халифа Әл Тәни қазақ-қатар қарым-қатынасының қалыптасып, табысты дамуына зор еңбек сіңірді. Ол Қазақстанға екі рет ресми сапармен келген. 1999 жылы сәуірдегі бірінші сапары кезінде оны Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы саясат ведомствосының басшысы ретінде қарсы алған.

Президент шейх Хамадтың қолдауымен Астанада алғашқы еңселі әл-Фараби мешіті салынғанын, сондай-ақ Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асқанын ризашылықпен еске алды.

— Осындай қаралы сәтте Алла Тағаладан марқұмның жаны жәннатта болуын сұрап, дұға етеміз, — деді Қазақстан Президенті.

Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни арнайы қолдауы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, бұл Қатар мен Қазақстан халықтары арасындағы бауырластық байланыстардың ерекше сипатын көрсететінін атап өтті. Қатар тарапының бастамасымен мемлекеттер басшылары қазіргі халықаралық ахуал, соның ішінде Таяу Шығыстағы жағдай туралы пікір алмасты.

Президент Қатар Әмірін өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни шақыруды ықыласпен қабыл алды.

Қатардың бұрынғы әмірі, ресми түрде «Әмір әке» атағын иеленген шейх Хамад бен Халифа Әл Тани 74 жасында дүниеден өткені белгілі болды. Елде бұрынғы әмірдің қазасына байланысты төрт күндік аза тұту жарияланды.

Көп оқылғандар