Басты тақырып

Қаскелеңдегі перзентханада үшемнің өліміне тергеу басталды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Қаскелеңдегі перзентханада дүниеге келген үшемнің өліміне қатысты тергеу басталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі. Шетінеген сәбилердің туыстарының айтуынша, 28 жастағы әйел жүктіліктің алтыншы айында үш ұлды дүниеге әкелген.

Шала туған екі нәресте дүниеге келісімен шетінеген, ал үшінші сәбидің қайтыс болғанын әкесі кездейсоқ білген. Қайғыдан қан жұтқан ата-ана үшінші баласының денесін беруді және оқиғаның жан-жақты тергелуін талап етіп отыр.

Туыстарының сөзінше, дәрігерлер бастапқыда әйелге кесір тілігін жасау қажеттігін айтқанымен, кейін белгісіз себептермен табиғи жолмен босандыру туралы шешім қабылдаған. Ал медицина қызметкерлері барлық әрекет қолданыстағы хаттамаға сәйкес жүргізілгенін мәлімдеді.

Туыстардың айтуынша, нәрестелердің нақты неден қайтыс болғаны туралы ешқандай түсініктеме берілмеген. Олардың сөзінше, екі сәбидің денесі ешқандай құжатсыз берілген.

Қарасай аудандық көпсалалы орталық аурухананың баспасөз қызметі жүктіліктің 25-аптасында үшемнің дүниеге келуі аса ауыр жағдай екенін мәлімдеді. Дәрігерлердің айтуынша, салмағы 500 грамға дейінгі шала туған нәрестелердің өмірлік маңызды мүшелері, әсіресе өкпесі мен орталық жүйке жүйесі толық қалыптасып үлгермейді, сондықтан олардың өмірін сақтап қалу өте қиынға соғады.

Қазіргі уақытта отбасы үшінші сәбиінің денесін күтіп отыр. Туыстары полицияға арыз жазып, оқиғаға кінәлілердің жауапқа тартылуын талап еткен. Үшемнің нақты неден қайтыс болғаны сот-медициналық сараптаманың қорытындысынан кейін белгілі болады.

Көп оқылғандар