Сурет: polisia.kz
Ішкі істер министрлігі есірткінің заңсыз айналымына қарсы «Қарасора — 2026» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын жалғастыруда, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Маусым айынан бастап қарасора өсетін аймақтарда қарқынды жұмыс жүргізілуде. Операцияға полиция қызметкерлері, ІІМ Ұлттық ұланы және Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері тартылған.
Тікұшақтар, дрондар және Жерді ғарыштан бақылау технологиясы қолданылуда. Шу өңірі ерекше бақылауда — онда дрондардың көмегімен жабайы қарасораның ондаған ошағы анықталып, жойылды.
Қызметтік иттер мен кинологтар тәулік бойы жұмыс істеп, автожолдарда, теміржол объектілерінде және есірткі тасымалдануы мүмкін бағыттарда тексеру жүргізуде. Операция барысында қызметтік иттердің көмегімен 90 есірткі қылмысының жолы кесіліп, 550 килограмға жуық түрлі есірткінің заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді.
«Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында Ішкі істер министрлігі азаматтардың денсаулығын қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы жұмыстарын алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырады, — деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.
Еске сала кетейік, Жамбыл облысында есірткі сатпақ болған тұрғын ұсталған еді.
Мазмұнға өту
