Қоғам

Қарағұжиха өзені «қызғылт сары» түске боялды: Экология департаменті тексеру жүргізді

Сурет: Видеодан алынған кадр

31 шілдеде Экология департаменті «Востокцветмет» ЖШС-нің бұрынғы Юбилейно-Снегирихинский кенішіне қатысты Қарағұжиха өзенінің «қызғылт сары» түске боялуына байланысты жоспардан тыс тексеру жүргізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Шығыс Қазақстан облысының Экология департаментінің мәліметінше, тексеру барысында кенішті жою жұмыстарының тиісті деңгейде ұйымдастырылмағаны анықталды. Салдарынан жер астынан жер бетіне шығып жатқан шахта суларының көптеген төгінділері анықталған. Жиналған су кеніш аумағы арқылы өтетін жылғаға құйылып, одан әрі Қарағұжиха өзеніне түседі.

Аталған заңбұзушылықтар Қарағұжиха өзені суының «қызғылт сары» түске боялуына, оның сапалық және химиялық көрсеткіштерінің нашарлауына, су нысанының табиғи гидрохимиялық режимінің бұзылуына және судың экологиялық құндылығының төмендеуіне әкелген. Сонымен қатар ластаушы заттардың өзен ағысымен одан әрі таралу қаупін туғызып, қоршаған ортаның жағдайын нашарлатып, елеулі экологиялық зиян келтірген.

Бұдан бөлек, шахта суларындағы ластаушы заттардың топырақ жамылғысына сіңіп, оның химиялық құрамының өзгеруіне әкелгені анықталды.

Еске салайық, бұдан үш жыл бұрын елдегі 24 өзен және 4 су қоймасы шектен тыс ластанғанын хабарлаған едік.

Айта кетейік, биыл сәуір айында әлеуметтік желіде Ертіс өзенінен бөлініп ағатын Жылы ағыс сағасының мұнай өнімдерімен ластанып, су бетінде май қабаты түзілгені туралы бейнежазба тарады.

Көп оқылғандар