Сурет: istockphoto.com
Елімізде проза жанрындағы «Қала хикаялары» республикалық әдеби байқауына өтінім қабылдау басталды. Байқау жаңа есімдерді анықтап, шығармашыл авторларды қолдауға бағытталған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қатысушыларға қала мәдениеті, адам тағдыры, қоғамдағы өзгерістер, ұлттық болмыс пен заманауи құндылықтардың сабақтастығы тақырыптарын көркем шығарма арқылы ашу ұсынылады.
Байқауға ел азаматтары қатыса алады. Конкурсқа бұрын еш жерде жарияланбаған, қала тақырыбына арналған романдар қабылданады. Шығарманың көлемі кемінде 10 авторлық баспа табақ, яғни 400 мың баспа таңбасынан тұруы керек. Әр қатысушы бір ғана туындысын ұсына алады.
Өтінімдер 2026 жылғы 1 қыркүйек пен 31 желтоқсан аралығында qoljazba.bookfund.kz сайты арқылы қабылданады.
Байқауда жүлделі орындарға ие болған шығармалар 15 мың данамен басылып, Қазақстанның кітапханаларына таратылады.
Еске сала кетейік, 17 маусымда елімізде «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына құжат қабылдау басталды. Конкурсқа өтінім қабылдау 17 қыркүйекке дейін жалғасады.
