Басты тақырып

Қайтарылған активтер қорынан 2,7 млрд теңге бөлінді: қайда жұмсалады?

Сурет: ашық дереккөз

Үкімет елге қайтарылған активтер есебінен әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу жұмыстарын жалғастыруда, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, Арнаулы мемлекеттік қордан Солтүстік Қазақстан облысындағы Преснов және Соколов топтық су құбырларын реконструкциялауды аяқтауға 2,7 млрд теңге бөлінді. Преснов су құбырын жаңарту Есіл, Мамлют және Жамбыл аудандарындағы 43 елді мекенді сумен қамтамасыз етуді жақсартады, мұнда 34,5 мың адам тұрады. Қазіргі уақытта 171 шақырым магистральдық су құбыры мен тарату желілері, сондай-ақ 46 шақырым ауылішілік су желілері тартылған. Су жинақтауға, таратуға және қысымды реттеуге арналған құрылыстарды салу және жаңарту жұмыстары жалғасуда.

Соколов топтық су құбырын реконструкциялау Қызылжар ауданындағы 10 ауылды қамтиды, онда 4 мыңнан астам адам тұрады. Жоба аясында 59 шақырым тарату желісі мен 77 шақырым ауылішілік су желісі салынады.

Преснов және Соколов су құбырларын 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Бұл жүйенің сенімділігін арттырып, су тасымалдау кезіндегі шығындарды азайтып, тұрғындарға ауыз суды жеткізу сапасын жақсартады.

Солтүстік Қазақстан облысында еліміздегі ең ұзын топтық су құбырлары желісі орналасқан – оның ұзындығы 3 мың шақырымнан асады, ол 175 мың адам тұратын 229 ауылды сумен қамтамасыз етеді. 2025 жылы Арнаулы мемлекеттік қордан инфрақұрылымды дамытуға 45 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, 48 жоба қаржыландырылды.

2024-2026 жылдар аралығында Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен Үкімет жалпы сомасы 610 млрд теңге болатын 500-ден астам әлеуметтік жобаны мақұлдады, олардың көпшілігі пайдалануға берілді. Оның ішінде 226,5 млрд теңгеге 267 жоба су инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.

Бұған дейін Ақтөбе облысындағы Сарыбұлақ жерасты сулары кен орнынан топтық су құбырын салуға Арнаулы мемлекеттік қордан 5 млрд теңге бөлінгені хабарланған.

Көп оқылғандар