Сурет: Egemen Qazaqstan
Мемлекет басшысы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовті қабылдап, 2026 жылғы қаңтар-шілде аралығындағы ақша-кредит саясатының қорытындысы туралы есепті тыңдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кездесуде экономикадағы ахуал, іскерлік белсенділік, инфляцияға әсер ететін факторлар және бағаны тұрақтандыру шаралары талқыланды.
Жылдық инфляция он ай бойы төмендеп, шілдеде 10,2 пайызды құрады. Бұған ақша-кредит саясаты, теңгенің нығаюы, тұтыну белсенділігінің тұрақталуы, сондай-ақ Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен инфляцияға қарсы шаралары ықпал етті.
Сондай-ақ экономиканы кредиттеу динамикасы баяндалды. 2026 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша банктердің бизнеске берген кредиттерінің несие портфелі жылдық мәнде 17,1 пайызға өскен.
Шағын және орта бизнесті кредиттеу қарқыны 29,6 пайызға дейін жеделдеген. Ал тұтынушылық кредиттің өсуі жыл басындағы 21,0 пайыздан 13,0 пайызға дейін баяулаған. Бұл қабылданған пруденциялық шаралардың тиімділігін көрсетеді, кредит ресурстары бизнеске көбірек бағытталуда.
Валюта нарығындағы жағдай, Ұлттық қор мен БЖЗҚ активтері, алтын-валюта резервтері туралы ақпарат ұсынылды. Биыл 1 шілдедегі көрсеткіш бойынша Ұлттық қор мен алтын-валюта резервтерінің жиынтық көлемі 127,3 миллиард долларды құрады.
Alatau City қаржы экожүйесін дамыту үшін Ұлттық банк капиталдың жылдам әрі икемді қозғалысын қамтамасыз ету және қалаға инвестиция тарту шараларын әзірледі.
Ұлттық қордың инвестициялық кірісі бірінші жартыжылдықта 2,3 миллиард долларға жетті. БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері жыл басынан бері 1,7 триллион теңгеге ұлғайып, 27,8 триллион теңгені құрады.
Цифрлық қаржы активтері индустриясы мен Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту бойынша тапсырмалардың орындалу барысы таныстырылды. Трансшекаралық төлемдер үшін стейблкоинді қолдану, инфрақұрылымды дамыту және токенделген мемлекеттік активтерді шығару жаңа бағыттар ретінде аталды.
Сондай-ақ төлем нарығының жаңа сегменті – лицензияланатын бірінші санаттағы төлем ұйымдары енгізілді. Бұл бәсекелестікті арттырып, клиенттердің шығындарын азайтады және цифрлық сервистердің қолжетімділігін кеңейтеді.
19 шілдеден бастап Ұлттық төлем жүйесі аясында кез келген банк клиенттеріне QR арқылы төлем жасауға және телефон нөмірі бойынша ақша аударуға мүмкіндік беретін тетік іске қосылды. Жүйе жұмыс істей бастағаннан бері жалпы сомасы 170 миллиард теңге болатын 6,5 миллион операция өңделді.
Ұлттық банк баға тұрақтылығын қамтамасыз етіп, инфляцияны орта мерзімде 5 пайызға дейін төмендету үшін барлық қажетті шараны қабылдап жатыр.
Президент Ұлттық банк қызметіне бірқатар міндет жүктеп, инфляцияны одан әрі тұрақтандырудың маңыздылығына назар аударды.
Мазмұнға өту
