Басты тақырып

Президент Тоқаев Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді

Сурет: Egemen Qazaqstan

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесу өткізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Президент Қытай басшысына Дүниежүзілік Жасанды интеллект конференциясына шақырғаны үшін алғыс білдіріп, іс-шараның Шанхайда өтуі символдық маңызы бар екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Си Цзиньпинді Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына 105 жыл толуымен құттықтады.

«Қытайдың халықаралық қауымдастық алдындағы беделі зор және оның жетістіктерін бүкіл әлем мойындайды. Қазіргі таңда еліңізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды өзгерістерді бәріміз үлкен қызығушылықпен қараймыз. Бұл, ең алдымен, Сіздің көреген басшылығыңыз бен қажырлы еңбегіңіздің арқасы деп санаймын. Өзіңізді халқын алға бастап келе жатқан тегеурінді көшбасшы және жаһандық деңгейдегі парасатты саясаткер ретінде ерекше құрметтеймін. Сіз көтерген игі бастамаларды қолдауға әрқашан дайынбыз. Қазақстан Қытаймен мәңгілік әрі стратегиялық серіктестікті жан-жақты нығайта беруге қашанда мүдделі. Соңғы жылдары мемлекеттеріміз арасындағы саяси диалог айтарлықтай жандана түсті», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, сауда-экономикалық салада екіжақты табыс зор. Қытай – Қазақстанның ірі сауда серіктесі. ҚХР еліміздің экономикасына 30 миллиард доллар инвестиция салған. Өткен жылы екіжақты сауда көлемі 49 миллиард долларға жетті. Қазақстанда 8,5 мыңнан астам Қытай компаниясы жұмыс істейді.

Өнеркәсіп, энергетика, газ-химия, машина жасау және ауыл шаруашылығы сияқты салаларда бірлескен ірі жобалар жүзеге асырылуда.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық байланыстардың нығаюын атап өтті. Өткен жылы Қазақстанға 1 миллионнан астам Қытай азаматы келген. Екі ел астаналарында мәдени орталықтар ашылған. Елімізде Лу Бань шеберханалары жұмыс істейді.

Мемлекет басшысы халықаралық аренадағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті. Екі елдің жаһандық даму және қауіпсіздік мәселелеріндегі ұстанымдары ортақ. БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК және «Орталық Азия – Қытай» форматы аясында тиімді байланыстар орнаған.

ҚХР Төрағасы Қазақстан Президентіне алғыс білдіріп, екіжақты мәселелерді талқылау мүмкіндігіне назар аударды.

«Бірлескен күш-жігердің арқасында Қытай мен Қазақстанның мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық серіктестігі жоғары деңгейге жетті. Өзара ықпалдастықты дамытудың әлеуеті өте зор. Қазақстан Президенті Қытаймен достық саясат жүргізіп отыр. Бұл халықтарымыздың мүддесіне сай келеді», деді Си Цзиньпин.

Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын жоғары бағалап, жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады және Құрылтай сайлауына сәттілік тіледі.

Кездесу соңында Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасында 2027-2030 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы мен жол картасына қол қойылды.

Көп оқылғандар