Басты тақырып

Президент: Ресей мен Украина арасындағы соғыстан ең алдымен жастар зардап шегіп жатыр

Сурет: Egemen Qazaqstan

Мемлекет басшысы Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты реттеу мәселесі бойынша өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Президент бұл қақтығысты мемлекетаралық деп санайды, азаматтық соғыс емес. Ол украин халқына, оның мәдениеті мен тіліне құрметпен қарайтынын айтты. Қақтығыстың көптеген түсініксіз тұстары бар екенін жеткізді.

– Меніңше, қақтығысты уақытша тоқтатып, Ыстамбұл формуласына оралған дұрыс. Себебі аталған келіссөз барысында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілген еді. Содан кейін алпауыт елдердің, соның ішінде Ресейдің кепілдігі арқылы көптен күткен бейбітшілікке қадам басуға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан бұл мәселеде сырт қалмайтынын, алайда арағайын болудан бас тартатынын айтты. Ол Ресейді ұлы ел, орыс халқын ұлы халық деп атады. Күн тәртібіндегі мәселелерді делдалсыз шешуге болатынын жеткізді.

– Өкінішке қарай, өрімдей жастар құрбан болып жатыр. Олар – бауырлас Ресей мен Украина халықтарының келешегі. Сондықтан мұның бәрін тоқтату керек. Өйткені, менің ойымша, қазіргі болып жатқан жағдай Ресей және Украина мемлекеттерінің дұшпандарына ғана тиімді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сөзін қорыта келе, Қазақстан Ресеймен стратегиялық серіктестікті және одақтастық қатынастарды дамытуға бейіл екенін растады.

Көп оқылғандар