Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай қырғыз президенті Садыр Жапаровқа құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жеделхатта екі ел арасындағы бауырластық қарым-қатынас ғасырлар бойы қалыптасқан достық пен тату көршілікке негізделгені атап өтілген.
«Бұл айтулы мереке қырғыз халқының еркіндікке, дербестік пен тәуелсіздікке ұмтылысын айшықтайды. Осы жылдар ішінде Қырғызстан ел болып еңсе тіктеуден бастап, орнықты дамуға дейінгі жолды абыроймен еңсерді. Мемлекеттіліктің іргесін бекітіп, бай рухани мұрасын сақтап қалды. Халықаралық аренада беделді елге айналды. Бұған Қырғыз Республикасының 2027-2028 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы жарқын мысал бола алады», деп жазылған құттықтауда.
Президент стратегиялық серіктестік пен одақтастық екі халықтың игілігі үшін одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровқа жауапты мемлекеттік қызметінде табыс, ал бауырлас қырғыз халқына құт-береке тіледі.
