Басты тақырып

Президент «Болашақ ойындары – 2026» ашылу салтанатында сөз сөйледі

Сурет: Egemen Qazaqstan

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирінің ашылу салтанатында сөйлеп, бұл жарыс елдер арасындағы достықты нығайтатын маңызды тарихи оқиға екенін атап өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Президент ойындардың спорт, технология және халықаралық ынтымақтастықты ұштастыратын бірегей жобаға айналғанын айтты. Ол барлық қатысушыларды Астанаға қош келді деп, бұл шараның мағынасы айрықша тарихи іс-шара екенін жеткізді.

«Бүгін біз «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық сайысын бастаймыз. Бұл – елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтатын мағынасы айрықша тарихи іс-шара. Дүбірлі дода биыл Қазақстанда алғаш рет өтіп жатыр. Біз үшін бұл – зор мәртебе», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы Ресей Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға және спортшыларға арнаған құттықтауы үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев және Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың қатысуын атап өтті.

Тоқаев «Болашақ ойындары» жобасы Ресейдің бастамасымен жүзеге асқанын, оның сәтті іске асуы Владимир Путиннің арқасы екенін айтты. Бірінші дода Қазан қаласында өтіп, кейін Абу-Дабиде жалғасқан. Қазір Астанада 30-дан астам мемлекеттен 800-ге жуық спортшы бас қосты.

Президент ойындар классикалық спорт пен кибериндустрияны тоғыстырған жаһандық фиджитал-қозғалысқа серпін беретініне сенім білдірді. Ол әлемдегі түбегейлі өзгерістер мен цифрландыру үдерісіне тоқталып, Қазақстан Парламенті Цифрлық кодекс және Жасанды интеллект туралы заң қабылдағанын айтты. Сондай-ақ 1 шілдеде жаңа Конституцияның күшіне енгенін, онда жасанды интеллект пен цифрлық құқықтарға кепілдік берілгенін атап өтті.

«Бүгін елордамызда, шын мәнінде, ерекше іс-шара өтіп жатыр. Бұл – спорт пен интеллектінің үйлесімі, сонымен қатар күш-қайрат пен зияткерлік әлеуеттің бәсекесі», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы «Болашақ ойындары» спорттың күш-қуаты, ақыл-ой мен цифрлық дәуірдің әлеуетін үйлестіріп, жасампаздық ұстанымымен үндесетінін айтты. Ол жастарға білімді, талантты және еңбекқор болуға шақырып, ойынға қатысушылардың тыңғылықты дайындықтан өткенін жеткізді.

Көп оқылғандар